Басым бағыттар сөз болды

Газетімізде бұдан бұрын да хабарланғанындай, өткен аптаның сәрсенбісінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің халық алдындағы алғашқы есебін берді. Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ғимаратында өткен кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.

Алқалы жиын, заманауи тұрғыда, яғни, онлайн жүйесі арқылы өтіп, есепті облыстың барлық өңірлері тыңдап, тұрғындарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақтылы жауап алуларына да мүмкіндік берілді.

– Бүгінгі менің есебім барлық деңгейдегі әкімдердің бір ай бойы өткен қорытынды кездесулерінің сериясын аяқтайды. Мен біздің облыстың өткен жылғы даму қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы айтып өтейін. Сіздердің сұрақтарыңызға көп уақыт бөлу үшін мен баяндамамды қысқаша айтып өтпекпім, – деген өңір басшысы бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын жұмыс стратегиясын анықтады. «Басты басымдық – қолжетімді, сапалы үйлер мен жолдар салу, тұрғындарды тұрақты жұмыспен және еңбекақымен қамтамасыз ету, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу. Мысалы, облыста жолдар мен үйлердің құрылысы бойынша арнайы жол картасы әзірленді. Сондықтан да осы салалардағы жұмыс қарқынын еселеп арттыру жоспарда бар», деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек халықпен есептік кездесуінде.

Облыс әкімі өз сөзінде Ұлытау-Жезқазған өңіріне қатысты да бірқатар мәселелерді жіпке тізіп шықты. Соның ішінде елдің көкейіндегіні дөп басқан мәселе көптен бері шешімін таппай келе жатқан Жезқазған-Қызылорда бағытындағы күре жолдың жайы болды.

– Жезқазған-Қызылорда бағытындағы жолды жөндеу биыл күзге салым басталатын болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл жұмыс жылдың екінші жартысына дейін аяқталып, мемлекеттік сараптаудан өтеді. Күзге дейін мердігерлерді анықтап, жұмысты бастаймыз, – деді өңір басшысы.

Бір бұл емес, аймағымызда жолға қатысты ауқымды жұмыстар қолға алынатын болады. Жезқазған-Қарағанды бағытындағы жол 4 жолақты етіп қайыра салынса, Ұлытау өңіріне бағытталған жолдар да жөнделіп, ел игілігін көретін болады. Ал, бұл іс Алтын Орданың 750 жылдығына орайластырылып жүзеге асырылмақ. Яғни, Ұлытау-Жезқазған аймағындағы тарихи орындарда инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары биыл көктемнен қолға алынатын болады. Осы орайда Сәтбаев қаласынан Алашахан мазарына дейінгі жолға, Сәтбаев-Ұлытау бағытындағы жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өңірдің экономикалық және әлеуметтік саладағы жұмысы және өрлеудің басым бағыттары туралы осылайша қысқаша баяндаған облыс әкімі кезекті тұрғындарды толғандыратын мәселелерге берді. Абаттандыру, көгалдандыру, көлік жұмысы, экология, медициналық қызмет көрсету, жол жағдайы, ТКШ мәселелері және басқа да өзекті сұрақтарды қозғаған тұрғындар сауалдарына өңір басшысы байыппен жауап берді.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, онлайн режимде өткен өңір басшысының есеп беру кездесуіне шалғайдағы қалалар мен аудандардың тұрғындары да қатысты. Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Теміртау қалалары, Шет және Осакаров аудандарынан сұрақтар қойылды.

– Өндірісті ұлғайту мақсатында Жезқазған поселкесі мен Весовая елді мекенінің тұрғындары Сәтбаев қаласына көшірілуде. Сол үшін арнайы көп қабатты тұрғын үйлер мен коттедждер салынды. Бұл, әрине, қуанышты. Әйтсе де, сол үйлердің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпауда. Осыны назарға алсаңыз, – деген қаламыздың тұрғыны А.Тускееваның сауалына облыс басшысы бұл мәселені назарда ұстап отырғанын, алдағы айда кеншілер қаласына арнайы келетінін, барлық жағдаймен танысатынын айтты. «Бір де бір өтініш назардан тыс қалмайды», деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Есептік кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.