Бұл – ынтымақ пен достықтың символы

2016 жылы Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісінде 1 наурызды Алғыс айту күні деп бекітті. Содан бері көктемнің алғашқы күні халықтық мереке болып тойланып келеді. Бұл күн қазақтардың ынтымақшылдығы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші ретінде аталып өтеді. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударылған еді…

Достықтың, толеранттылықтың, мемлекеттік саясаттың жолын жалғастыру үшін ел президенті Қазақстан халқына түрлі іс-шараларға қатысуға, мемлекеттің әлеуметтік құрамын дамытуға көмектесетін заңдар мен нормативтік актілерді ұсынып, бекітті. Осылайша, 1 Наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні деп жарияланды. Бұл мереке 2016 жылдан бастап аталып өтіп келе жатқандықтан, әлі жеткілікті дәрежеде танымал бола алмауда. Алайда, ол күннің маңызымен алдымен жас ұрпақ танысып жатыр. Қазір мектептерде міндетті түрде осы күннің тарихымен танысу сабақтары өтеді, бұл мейрамға БАҚ-та үлкен көңіл бөледі.

Бұл күн – тарихты, отбасының, елдің тарихын еске түсіретін күн. Қазақ – атам заманнан кеңпейілдігімен, өр жомарттығымен аты шыққан дана халық. Қазақстан – сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, басына күн туған өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді. Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт халықтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болды. 20 ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейген еді. Сол жылдары Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, белорус, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәрістер күштеп ұжымдастырылды.

Ұлы Отан соғысы да өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көшірілуіне, халық құрамының күрт өзгеруіне себеп болды. Бірақ, Қазақстан одан жаман болмады. Әр қиындықтың артында бір жақсылық жатады дегендей, бүгінде еліміз сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты мемлекетке айналды. Қазақстан діңгегі берік ел болды. Біз – бір мемлекет астында 130-дан астам ұлт-өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірден-бір елміз. Қазақстанның әрбір азаматы оны мақтанышпен айта алады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.