Балғын бишілер байқауы

Өткен аптада қаламыздағы №1 мектеп-гимназияда «Би марафоны» байқауы болып өтті. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл шараға осы мектептің 1-ші және 2-ші сынып оқушылары қатысты.

Музыкалық және эстетикалық білім мен орындаушылық шеберлікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау өзіндік ерекшеліктерімен көрермендерді де, жанкүйерлерін де баурап алды. Бірін-бірі қайталамаған балғын бишілердің бұл байқауға үлкен дайындықпен келгені байқалып тұрды. Әсіресе, 2 «г» сыныбының бишілері байқау шартының талаптарынан дөп шықты. Би таңдауы, орындаушылық шеберліктері, ырғақ пен сәйкестік үйлесім тауып жатты.

– Би – адамның көңіл-күйін көтеретін, қимыл-қозғалыс арқылы қан айналымын жақсартатын өнердің бір түрі. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің биін меңгере отырып,тамыры терең ұлттық өнеріміз – қазақ биінің мәртебесін көтеру, – дейді байқауды ұйымдастыруға мұрындық болған мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Достияр.

Балғын бишілер байқауын құрамында С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театрының хореографы, «Асыл-ай» вокалды-хореографиялық ансамблдің жетекшісі, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері Эльнара Аманжолова бар қазылар алқасы сараптады. Жеңімпаздар арнайы Дипломмен марапатталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.