Бүлдіршіндер Абай өлеңдерін жатқа оқыды

№19 мектеп-лицейдің шағын орталық тәрбиеленушілері Абай өлеңдерін жатқа оқиды. Балалар ақынның тәрбиелік мәні терең өлеңдерін мәнерге салып оқып, оларда айтылған ойларды өздігінше таразылап көруге ынтық. Жуырда мектеп қабырғасында «Абай оқулары» ұйымдастырылып, бүлдіршіндер Абай өлеңдерін оқу эстафетасын өзге оқушыларға жолдады.

Тәрбие сағаты балалардың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындаумен басталды. Орталық жетекшісі Әлия Дәуленбайқызы бүлдіршіндерге ақынның өмір жолын таныстырып, тақтада көрсетілген жыл мезгілдеріне байланысты орайластырған өлеңдерді жасырды. Балақайлар «Ғалым таппай мақтанба», «Қыс» секілді туындыларды жатқа оқып, «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындады. Осылайша ұлы ақынның өміршең мұрасын дәріптеуге негізделген эстафетаны орталық тәрбиеленушілері келесі сыныптың оқушыларына жолдады.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.