Өмірдің көрген талай жол торабын…

Осыдан 67 жыл бұрын бүкіл əлемді қара түнекке орай жаздаған сұрапыл соғыс өрті өшіріліп, бейбіт өмір мен еңбек таңы қайта атты. Ал, оның зардабын жою жолында қаншама жылдар бойы халықтың маңдай тері төгілді. Халық қаншама күш-қайраты мен ерік-жігерін сарп етті. Соның арқасында ғана бүкіл Еуропа соғыстан қалған «күл-қоқыстан» тазартылды. Фашистік басқыншылық саясатты жермен-жексен ету жолында қанын да, жанын да аямаған сол кездегі миллиондаған боздақтардың көбі бұл күнде өмірде жоқ. Ал, барлары азая келе ат төбеліндей ғана болып қалды. Бірақ, соғыс зардабы əлі де ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Соғысқа жарамды дегеннің барлығын майдан даласына аттандырғанда, елдегі шаруашылыққа кəрі-құртаңдар мен əйелдер, енді-енді оңы мен солын таныған жас балалар тізгінші болды.

Сол зобалаң жылдарда майдан даласында жүрген жауынгерлерге тірек болған тылдағы еңбеккерлердің тынымсыз еңбектері де бағалы. Тоз-тоз болған елдің шаруашылығын одан əрі күйретіп алмауға тырысқандардың қатарында кейіпкерім Жаңабай Сүтемген де болды.

Ұлытау ауданының 2 Аралтөбе ауылында 1926 жылы дүниеге келген Жаңабайдың да өмірі төтеннен келген ашаршылыққа, жоқшылыққа, соғыс жылдарына тап келді.

– Балалық шақтың ешбір есте қаларлықтай қызықты сəті болған емес. Ұлы қазан төңкерісінен кейін, өмір есігін ашқан біздер талай дүрбелеңнің куəгері болдық. Елді қынадай қырған 1932 жылғы солақай саясаттың кесірінен қаншама миллион қазақ көмусіз, ескерусіз далада қалды. Міне, осы жылдары елге төнген нəубеттен бес жасымда анам өмірден өтті. Артында есімізді білер-білместен 3 бала қалдық.

Аш-жалаңаш қалып, ұлардай шулаған халықтың базынасы Мəскеуге дейін жетті ме, əйтеуір елге көмек келе бастады. Колхоздастыру жүріп жатқан тұста басшылар Жетіқоңырдың жеріне бидай еккізді. Елге таңсық дүниені халық қалай болар екен деп, əрі ойланып, бері ойланып, үйіндегі жалғыз өгізін, сиырын жер жыртуға жекті. Егілген дəнді тым тереңге, не тым таязға егуге болмайтынын біліп жатқан жан болмады. Ауылдың үлкені бар, бала-шағасы бар егінді екті. Алайда, шелектеп төккен тердің қайтарымын көру мұңға айналды. Бұл кемшілікті атқамінерлер күнін əрең көріп отырған халықтан көрді.

Біразын кінəлады. Бұлардың арасында менің əкем Мағзұм да бар еді. Халықтың зарығып күткен егініне құдайдың көзі оң түсіп, шамалыдан соң сел боп аққан жаңбыр, егінге қарық қылды.

Əкей кейін «жылда-жылда мұндай тегіншілік бола бермес. Келер жылы егін дұрыс шықпаса соттап жіберулері де мүмкін. Іргеде бой көтеріп келе жатқан Қарсақбай зауытына жұмысқа орналасу қамын жасаймын» деді. Содан кенішке кетіп, сонда жұмысқа орналасты. Отыз төртінші жылдың күз айында елге келіп, бізді қалаға алып кетті. Рудникке келіп орналастық. Қаланың тыныс-тіршілігі бізге мүлде таңсық. 43 шахтаның жанында ағылшындар салған барақ үйлер болды. Соның біреуінен бір бөлме бұйырып, сол жерде тұрдық.

Отты өзіміз жағып, суды қолмен тасыдық. Отқа жағатын мардымды көмір де таптырмайтын. Сөйтіп, баялышты жанға сақтау еттік. Кезінде Рудникте «Покро», №1, №13, №15, №6, №23 шахталар болған. Əкем 13 шахтада кен тиеуші болды. Забойдағы пайдалы қазбаны кен көтеретін жерге дейін кішкентай вагонеткалармен таситын.

1939 жылдың күзі болатын. Клубта үлкен жиналыс өтіп, шахталардың кен өндіру жайы, жұмысшылардың жағдайы сөз болды. Бұл жиында Қаныш Имантайұлы Сəтбаев ұзақ сөз сөйледі. Сол кезде оқушы болсам да, ол кісінің айтқан сөзі əлі күнге дейін есімде.

«Бізден үкімет те осыны талап етіп отыр. Өйткені халық шаруашылығына мыс аса қажет. Қазіргі өндіріп жатқанымыз аз, болашақта жаңа техника келеді, кен өндіру əдістерін игереміз, сонда мыс өндіру еселеп артып, кішігірім шахталар үлкен кен орнына айналады. Мына маңайдағы елді-мекендер сəулетті қалаға – үлкен Жезқазғанға айналады» деді. Кен өндіру ісінде осы жылдары стахановшылардың еңбегі орасан зор болды. Солардың ішінде ағайынды Байғабыловтар мен Сартовтардың, Арыстанбек Ақшаловтың, Ахметғали Сафиннің, Ысқақ Анарқұловтың, Тұрғанбай Дүрментаевтың жəне тағы да көптеген стахановшылардың есімдерін ел құрметпен атап жүрді.

Өндіріс орындары жанданып келе жатқан тұс еді. Кенет, неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасап, елді есеңгіретті. Өнеркəсіп орнындағы жасы жеткендерді əскер қатарына шақыра бастады.

Əскери комиссариат Қарсақбайда болатын. Кеткендердің келіп жатқандарының қатары аз болды. Мектепте сабақ жүргізілмей қалды. Содан келер жылы ФЗУ-ға оқуға түстім. Оқу орны Рудникте болды, шахтаға қажетті мамандарды даярлады. Мен слесарь мамандығын алып шықтым. Тəжірибе алмасу деген жоқ. Оқу біткен күннің ертеңінде №31 шахтаға жіберді жолдамамен. Бірден шахтаның астына түстік. Клет деген ол кезде жоқ. Жаяулатып түсесің.

Шам да жоқ, карбид шам ғана болатын қолымызда. Бет-аузымыз лезде қап-қара болады карбид шамның түтінінен. Шахтаның асты шаң, түк көрінбейді. Түскен бетте темір-терсек тасытты бізге. Жуанжуан темірлерді көтеріп алмақ түгілі, орнынан қозғалту қиын болды. Осы бір сəтті көрген шеберімнен сөгіс алдым. Ертеңінде мені шахтаның астына түсірмей, автогараждың шеберханасына жіберді. Мұнда басшылықта Əбікен Мамахов екен. Осында шамалы істеген соң сүзек деген дерт жабысып, ауырып қалдым. Жеті бала осы аурумен ауырып, үшеуміз ғана тірі қалдық. Қу сүйегіміз қалды. Жағдайдың жоқтығы əбден титықтатып бітті. Бəрін майдан үшін деп аузымыздан жырып, майдан даласына жібердік. Еңбегіңе қарай грамдап беретін нанның өзі еш жұғым болмады.

Кен басқармасының шаруашылық жағын басқарған Асқар Шынтөринов деген жігіт қосалқы шаруашылық ашамыз деп Ақтөбеден 70-тей түйе əкелді. «Қызыл əскер» ауылынан жер алып, сонда түйе бақтық. Шаруашылықтың тізгінінде Аймақ Біржанов деген азамат болды. Үлкендер жағы «Таза ауаға шық, шаруашылықта жүрсең дертіңнен айығарсың» деген соң осы шаруашылыққа қолқабыс жасадым. Түйенің шұбаты денсаулыққа мың да бір ем екен ғой, дертімнен құлан таза айықтым. Кейін ойлана келе, қой, енді мен бұлай жүре бермеспін, денсаулығым жараса да жарамаса да шахтаға түсіп көрейін деп, 1943 жылы Рудникке келіп, «Покро» шахтасына қайта орналастым.

Шахта бастығы Зейнолла Биболатов деген кісі екен. Оның алдында академик Өмірхан Байқоңыров шахтаның бастығы болған екен.

Жұмыс ауыр, əрі қауіпті болды. Забойдың іші көз көрінбейтін шаң. Біздің міндетіміз, кеншілер бұрғылаған жерге дəрі толтырып аттыру. Бұл нағыз жұмыстың қияметі болатын. Дəрің ұңғыға дұрыс түспесе жарылыс болмай қалуы мүмкін. Забойдың шаң-тозаңын жұта жүріп, жұмыс жасадық. Əр жұмыскерге 9 тоннадан кен өндіру тапсырылады. Орындасаң ақшаң да ұлғаяды. Кенді тиеп, штрекке тасимыз. Осылай жүргенде Жеңіс күнінің жалауы желбіреді. Сөйтіп, Жезқазған кеншілерінің Жеңіс күніне қосқан үлестері ұшаң-теңіз болды. Майдан үшін деп төккен тер зая кетпеді. Соғыстың оты сөніп, өндірістің жағдайы оңала бастады. Мен оқуымды кешкі мектепте жалғастырып, нормалаушылар даярлайтын курста оқыдым.

Оны бітіргеннен соң, комбинаттың еңбек жəне жалақы бөлімінде статист, аға экономист болып қызмет атқардым. 1954 жылы 31 шахтада еңбек жəне жалақы бөлімін, кейінне 44 кенішті басқардым. Сол уақытта қазір елге танымал азаматтармен, атап айтқанда, Далабай Ешпанов, Кəкімбек Салықовпен бірге еңбек еттім. Жезді аудандық кен басқармасының бастығы болған Əбдірахман Тоқтыбаевпен тығыз қарым-қатынаста болдық.

1955 жылы Алматыдағы «АлмаАрасан» шипажайында демалып жатқанымда Қазақ ғылым академиясының тұңғыш корреспондент мүшесі Ағжан Машанидің де көзін көрдік. Сол жылы елдің жақсылары мен жайсаңдары Қаныш Сəтбаевтың, Өмірхан Байқоңыровтың үйінде болдық. Сонда ол кісілер елдің-жердің жағдайын қалт жібермей сұрастырып, біліп отыратын. Нағыз нар тұлғалар еді.

1967 жылы Далабай Ешпановтың шақыртуымен № 57 шахтаға жұмысқа орналастым. Осы шахтада еңбек жəне жалақы бөлімінде жұмыс істеп 1989 жылы зейнеткерлікке шықтым. Сөйтіп, сексен алты жылдық ғұмырымда талай бейнетті бастан өткеріп, бүгін Тəуелсіздігін алған, жаңарған, жасарған еліміздің тыныштығын тілеп отырған жайымыз бар, – деп əңгімесіне нүкте қойды ақсақал.

Иə, зұлматты жылдарда сағы сынбай, мүжілмей жеткен Жаңабай ақсақалмен тілдесіп, өткеніміз жайында ақпарат алдық. Тек, көз жанарының солғандығы болмаса, қарттың кеудесі тарихқа толы. Бір сағаттық сұхбатымда бұрынсоңды ести қоймаған есімдер аталып, біраз жайға қанықтым.

Осындай асылдардың көзін көрген Жаңабай Мағзұмұлы 64 жылдан бері жұп-жазбай келе жатқан жұбайы Биназым апаймен 8 бала тəрбиелеп, бүгінде солардан 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Биназым əжей де тылдағы еңбекке араласып, тыңға түрен салған еңбек ардагері, батыр ана.

«Еңбек ардагері», «Лениннің 100 жылдық мерейтойына» арналған мерекелік медалі мен Жеңіс күніне арналған мерекелік медальдар мен Құрметті кенші белгілері Жаңабай атаның еңбегінің айқын дəлелі. Əулетінде əкеден басталған жол өзіне, балаларына, немерелеріне жұғысты болып, бүгінгі таңда Ғабдолла, Ғабиден, Ибрагим ұлдары мен немерелері ата жолын, əке жолын қуған.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.