Облыстық шығармашылық байқау

Сəуір айының 26 күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Саған арнап əн салам, Атамекен!» атты облыстық шығармашылық байқау өтіп, онда Сəтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарынан келген мектеп оқушылары бақ сынасты.

Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы жəне облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымдастырған сайыс екі кезеңнен тұрды. Өз қалаларында алғашқы іріктеу кезеңінен өткен оқушылар, екінші кезең – облыстық байқауға жолдама алды.

Бұл дəстүрлі байқау жыл сайын облыстың əр аймағында өткізіледі. Былтыр бұл дүбірлі дода Бұқар жырау ауданында өткен болатын. Шығармашылық байқаудың басты мақсаты – жастардың өнерге деген қабілеттерін шыңдау, патриоттық сезімдерін арттыру, дарынды жəне өнерлі жас ақындарды қолдау.

Талантты жастардың шығармашылығын облыстан келген қазылар алқасы бағалады. Олар – Қарағанды облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұржан Жетпісбаев, Қарағанды облысы əкімінің қолдауымен жарыққа шығатын «Вектор Инфорум» аймақтық жастар журналының редакторы Ербол Сармурзин, Қарағанды қаласы №92 гимназиясының орыс тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Жəмилə Ибаділдаева жəне №18 орта мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Смакова.

Сайысты Нұржан Жетпісбаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сəттілік тіледі. Одан əрі облыстың əр түкпірінен келген қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Сонымен, байқау қорытындысы бойынша «Үкілі үміт» номинациясын жезқазғандық Заңғар Тлеулинов пен Александра Серова жəне Ақтоғай ауданынан келген Ақнұр Зияда жеңіп алды.

«Саған арнап əн салам, Атамекен!» атты облыстық дəстүрлі шығармашылық байқауына қатысып, өнерге деген сүйіспеншілігімен, өзіндік талғамымен көзге түскені үшін ІІІ дəрежелі дипломмен Сұңғат Төлеутай (Жаңаарқа ауданы), ІІ дəрежелі дипломмен Мадина Тойман (Жезді) марапатталды.

Ал, жүлделі І орынды жерлесіміз Алмас Əбдікəрім иеленді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушысы Абай Оразға (суретте) берілді.

Ұйымдастырушылардың атынан сайысқа белсене қатысқан барлық оқушыларға Алғыс хаттар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен бірге, Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Қаңтарбекованың атынан қалалық білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Ш.Жанасыловаға, «Жас Отан» ЖҚ Сəтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаевқа жəне қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықоваға Алғыс хаттар табыс етілді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.