СЫНАҚҚА СЫНБАҒАН СӘУЛЕ

Кенді өңірдің топырағына кіндік қаны тамған ұл-қыздың көпшілігі өмірлік кәсібі мен нәсібін шахтаның шыңырауынан іздейтіні шындық. Сәуленің де шаштараз сіңілісі Ғайшадан басқа бауырының бәрі кеншілікке қатысты мамандық таңдады.

Оңтүстік Жезқазған кеніші қатарға қосылғаннан өзі бақилық болған 1988 жылға дейін еңбек және жалақы бөлімін басқарған әкесі Ермекбай Байбатыровты бұл аймақта бәрі біледі. Ал, анасы Шекер тоғыз баланың тәрбиесімен айналысып, алаңсыз үйде отырды.

Отбасының тұңғышы Ибадулла №45 шахтада телім басқарды. Оның өкшесін басқан өзі де жеті қат жер астындағы кен қатпарының қуаты мен әлеуетін анықтайтын мамандықтың тізгінін ұстады. Інісі Ғабдулла кен көмбесіне соқпақ салатын проходкалау бригадасында тау жынысын тиеу қондырғысының тізгінін ұстады.

Рахметулла кезінде «Катерпиллар» кен жабдығын ұршықша үйірсе, Яхия «Анненск» кенішінде бұрғышы болды. Адам өмірін алып кетіп жататын апатты айтсай, інісі Әсеттен айрылу өкініші әлі сейілер емес. Қазір інісі Ғани №45 шахтада кенші, сіңілісі Айша №67 шахта асханасында аспаз. Айтпақшы, қос Бауыржан — үлкен ұлы мен күйеубаласы да шыңыраудың шаңын қаққан кеншілер.

Қойнауы байлыққа бөккен кенді өңірде туған Сәуле қазір ел үдере көшіп жатқан Весовая елді-мекеніндегі №10 орта мектепте оқыды. Ол бір естен кетпес керемет кезең екен! Жазда жұмысшы мекені жасыл желекке малынатын. Күзде үйдің іргесіндегі бау-бақша көкөніске көміліп қалатын. Қыста бала біткен таяқ тастам жердегі тау жынысының үйіндісіне барып, қас қарайғанша сырғанақ тебетін…

Мектеп бітірген жылы Жезқазған кентіндегі тау-кен техникумына түсіп, 1981 жылы маркшейдер мамандығын алып шықты. Күзде Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №65 алып-шахтаға жерасты өлшеушісі болып орналасты. Сәуле Байбатырованың отыз жылдан астам өмірін қауіп-қатері мен қызық-қуанышы қанжығаласып қатар жүретін кеншілікпен берік байланыстырған еңбек жолы осылай басталды.

Алғашқыда оқпан жеделсатысы шыңырауға сырғи жөнелгенде атқақтаған жүрегі алқымына тығылып, әбден әбігерге түскен. Айналасындағы әзілдесіп, қалжыңмен қағысқан адамдарға қайран қалған. Кеншілер патшалығының тау жынысына табаны тигенде таза таң-тамаша болды. Кейін бәрі үйреншікті өмірге айналды.

Он төрт жылдан соң телімдік маркшейдер болып тағайындалды. 2012 жылы «Степной» кенішіне аға маркшейдер болып ауысты. Жасыратын несі бар, сыз бен азынақ андыздаған шахтада ұзақ еңбек етуге анау-мынаудың денсаулығы шыдай бермейді. Жанына батып, санасын сансыратқан сырқат Сәулеге де жабысты.

Омыртқада пайда болған жарық отадан көз аштырмады. Сегіз рет қандауырға ілікті. Бастапқыда беломыртқасына стимогенератор орнатты. Артынан алты омыртқасына микродиск қойды. Қазақстанда мұндай аппаратпен жүрген жиырма шақты ғана адам бар екен. Ақыры ІІ топтағы мүгедек атанып, өндіріспен қоштасты. Бірақ, Алланың салған сынағына сынбады.

Құдайға шүкір, кезінде еңбегі еленді. «Қазақмыс» компаниясы басшылығының Құрмет грамотасын алды, суреті «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Құрмет тақтасына ілінді. Рас, кейде қазір назардан тыс қалып жататыны көңілге кірбің түсіргенмен, жұбайы Өмірхан екеуі бір қыз, екі ұлдан көрген сегіз немересінің тәтті қылығы тұрмыстық түйткілдің түйінін тарқатып, бар қиындықты ұмыттырып жібереді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.