Әйел – ана, әйел – жар, әйел – қайраткер

Бүгiнгi таңда осы үш жүктi бiрдей арқалап жүрген қазақ әйелдері арамызда көптеп кездеседі. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасын негізге ала отырып, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесi қарсаңында «Қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына гендерлік саясаттың әсері қандай?» деген тақырып аясында. Сәтбаев қалалық мәслихатының аппарат басшысы, Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Қарлығаш Мамедқызы Махамбетованы сөзге тартқан едік.

– Өте терең тақырып. Кеңестiк кезеңде әйел теңсiздiгi көп айтылды. Қазақтың әу бастағы тарихында отбасы институты қалыптасқаны тағы бар. Ол бойынша әйел бала-шағасына қараған, өсiрген, тәрбиелеген. Ал, ата-бабамыз болса, ел мен жердi қорғап, сыртта жүрген. «Әйел – үйдiң қазығы, еркек – үйдiң азығы» дегендей, ер азамат отбасын қамтамасыз етiп отырған. Намысты, батыр ұлдарды да аналарымыз тәрбиеледi. Біз бүгін «Ана мен баланың әлеуметтiк жағдайы қандай? Оларды қорғау деңгейi қай дәрежеде жүзеге асуда?» деген мәселелерге көбiрек көңiл бөлуіміз керек. Ең алдымен отбасылық институтты сақтауымыз керек. Әйелдiң рөлi жоғары болуы үшiн қоғамның материалдық-экономикалық жағдайы да сондай деңгейде болғаны абзал. Сонда ғана әйел заты құрметтi орнында отырады. Қазiр бiз бес, он баланы дүниеге әкелетiн аналарға жағдай жасауымыз керек. Әуелi аналарға бар жағдайды үйiп-төгетiндей мүмкiндiкке жетуiмiз қажет. Егер де осыған мән берсек, қабылданып жатқан заңнан бастап, жасалып жатқан әрекеттiң бәрi неғұрлым жылдам жүзеге асады.

Қызбала кiшкентайынан ана ретiнде тәрбиеленуi тиiс. Демек, гендерлiк саясатты енгiзудi балабақшадан бастау қажет. Мiне, саясат сонда ғана ұлдың да, қыздың да санасына сiңiп өседi. Ниет болса, демография да, қазақтың саны да өседi. Осы гендерлiк саясатта батыстық жолды таңдап, аз бала тууды ғана үйренбей, ер-азаматты құрметтеуіміз қажет. Ер-азаматын құрметтемеген отбасында кiрiс те жоқ, баланың санының да, сапасының да артуы неғайбыл. Гендерлiк теңдiк – әйелдi қорламау, оған бар жағдайды жасап беру. Қазiр өзiмiздiң қоғамдық жұмыстарымызда осы жағына көңiл бөлемiз.

Гендерлiк саясат айтылмай тұрған кездiң өзiнде де әйелдi қазақтан артық ешкiм қадiрлемеген. «Жұмақ ананың табанының астында» деген сөз тегін айтылмаған. Жалпы, қазақта «Бiр қозы туса бiр жусанның басы артық жаратылады» деген мақал бар. Қыз-келiншектер бала табудан қашпауы керек.

Қазақ – әрқашан қызбаласын құрметтеген халық. Гендерлiк саясаттағы басты мақсат – бiреудi кемсiтiп, төмен түсiру емес, терезесi тең дәрежеде өмiр сүруге үйрету. Демек, бiз жастарға отбасы құру үшiн бар жағдайды туғызамыз деген ойдамын.

– Халықаралық әйелдер күнi мерекесi қарсаңында газетiмiздiң оқырмандарына, әйел қауымына қандай тілек айтар едіңіз?

– Бұл күнi бүкiл әлем гүлденетiн, қуанатын мереке ғой. Қыздарға, аналарға ана бақытын тiлеймiн. Алла шыдам, төзiм, қажыр-қайрат берсiн!

– Әңгімеңізге рахмет!

М. ШАХАТ.

Комментарии закрыты.