Тұрғындарды қабылдады

Өткен жұмада «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы ғимаратында қала əкімі Батырлан Ахметов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың түрлі мəселелерге орай қойған сауалдарына жауап берді.

Қабылдауға «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Оразбаев, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.

Бұл күні əкімнің қабылдауына бес тұрғын жазылып, толғандырып жүрген мəселелеріне жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Сəтбаев даңғылы 45 үйде тұратын Елмек Əбдібекова пəтер мəселесін шешіп беруін сұрай келген. Қала басшысы бұл мəселенің Қазақстан Республикасы заңнамасына сəйкес шешілетіндігін түсіндіріп, бұл сұрақ бойынша бөлім қызметкерлеріне жеке тапсырмалар жүктеді.

Келесі болып кірген Құлыбек Смайлов деген қала тұрғыны 2002 жылдан бері шешімін таба алмай жүрген мəселені көтерді. Ол – Наурыз көшесіндегі үйлерге канализациялық құбырларды қосу. Бұл мəселеге орай, Батырлан Ахметов жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақша бөлінетіндігін жəне биылғы жылдың наурыз-шілде айлары аралығында Наурыз, Горький, М.Жəлел, Байқоңыров, Ерден көшелеріне канализация құбырларының құрылыс жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Наурыз көшесі 140 үйдің бірқатар тұрғындарының шағымын арқалай келген Мейрамкүл Байсарина мен Мираш Панабекова су мəселесін көтерді. Қала əкімі оларға судың міндетті түрде жақын арада қосылатындығын айтты.

Сонымен қатар, биылғы жылы аталмыш үйдің алдына балалар ойнайтын алаңның салынатыны туралы жақсы хабар жеткізді.

Өз өтінішімен келген Жұмагелді Бегімбетов деген азамат Молдағұлова көшесінде тұратын халықтың ауыз суға зар болып отырғандығын айтты.

– Жаз мезгілі басталса болды, су келмейді. Бұған жауапты басшылықтан сұрасақ, қысым жоқ дейді. Біздің жаққа канализациялық құбырлар да тартылмаған. Осы мəселеміз аздай, енді ауыз суымыз да жоқ, – деп шағымданды азамат.

Серік Оразбаев бұл сұрақтың алдағы күндері шешілетіндігін айтып, өз бақылауына алатындығына уəде берді. Жалпы қабылдауға келгендердің барлығы да тұрғын үй, коммуналдық мəселелерге қатысты сұрақтар көтерді. Тұрғындардың бұл ұсыныс-талаптарын мүмкіндігінше тездетіп шешу мақсатында қала əкімі сала мамандарына кездесу соңында тапсырмалар берді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.