Ынтымақ пен бірлік дәріптелді

Алғыс айту күніне орай Достық үйінде қаламыздағы этно-мәдени бірлестік өкілдері мен ардагерлер бас қосты.

Шараның шымылдығын ашқан «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы Абулаис Мулаков құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

– Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Жастар тарихымызды біліп, есте сақтауы керек. Тарих тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді. Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге – өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай беруі керек, – деді ол.

Мұнан соң өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған этностарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығын, Алғыс айту күнінің мән-маңызын бейнелейтін бейнеролик тамашаланды. Мерекенің тарихи, саяси тәрбиелік мәні тереңде жатқандығын айтқан қалалық меценаттар клубының төрағасы Меруерт Бақбергенова жастарды қайырымдылық жасауға шақырды. Қаламыздың Құрметті азаматы, Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Мұса Тілеуов жыр шумақтарынан шашу шашты.

Шара ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін концерттік бағдарламамен аяқталды.

Мира ШАХАТ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.