Ардагерге – алғыс

1 Наурыз – Алғыс айту күніне орай қалалық әкімшілік өкілдері шаһар дамуына сүбелі үлес қосып, ел әлеуетін еселеу жолында ерен еңбек сіңірген азаматтарды құттықтады. Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук ҚР еңбек сіңірген дәрігері, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ираида Нагаевада қонақта болып, атаулы мерекемен құттықтады.

Ираида Галимжановна дәрігерлік қызметті абыроймен атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін еселі еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы Жезқазған кентіндегі туберкулезге қарсы балалар санаторийінің бас дәрігері болды. 1961 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық институтты бітірген соң, сондағы Ленин аудандық туберкулез диспансерінде учаскелік фтизиатр болып еңбек жолын бастады. 1964-1968 жылдар аралығында Жезқазған қалалық туберкулезге қарсы диспансердің бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Татьяна Ивановна еңбек ардагерлерінің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге екенін, айтулы күнде алғыс білдіру, ізгі ниет пен тілек арнау ортақ борыш екендігін жеткізді.

– Елбасымыз 1 наурызды Алғыс айту күні деп белгілеген болатын. Бұл күн бұқаралық сипат алып, шын ниеттес, тілектес ағайынның өзгеге алғыс жаудырудың күні болып келеді. Сол себепті биыл да дәстүрден жаңылмай, қаланың құрметті азаматтарын осы мерекемен құттықтауды жөн көрдік. Сол құрметтілердің қатарында сіз де барсыз, Ираида Галижановна, – деп ағынан жарылған Татьяна Хмилярчук қала әкімшілігі атынан еңбек ардагеріне азық-түлікке толы себетті сыйға тартты. – Біз сізді еңбектің қазанында қайнап, халықты салауаттылыққа бейімдеп, саулыққа үндеген азамат ретінде білеміз. Көп жылғы еңбектің еншісінде қаншама құрмет бар. Түрлі медальдар тағынып, абыройға бөлендіңіз. Сіңірген еңбегіңіз ескеріліп, 1999 жылы қаланың құрметті азаматы атандыңыз. Әлбетте, сіздің ұшан-теңіз тәжірибеңіз, сын-кеңестеріңіз бізге, жалпы қоғамға қажет. Мереке қарсаңында мықты денсаулық тілей отыра, сізге мың да бір алғыс айтқымыз келеді, – деді.

Тосыннан құттықтау естіген Ираида апай үлкен ризашылығын білдіріп, қонақжайлылығын көрсетті. Астан дәм татырып, емен жарқын әңгіме өрбітті. Ардагер адал еңбек етіп, кісілік қасиеттерді бойына дарытқан адам ғана шынайы бақытқа кенелетінін айтты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.