Достық пен бірлік – мызғымас байлығымыз

Ынтымақтастық, достық пен бірлікті ту еткен Қазақстан халқының бірлігі күнін Кеншілер қаласының жұртшылығы көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

Мерекелік шаралар қала əкімі Батырлан Ахметов бастап, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дəрібаев, «Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Вадим Оглов, қалалық мəслихат хатшысы Серік Имамбай, облыстық жəне қалалық мəслихат депутаттары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлері, қаланың Құрметті азаматтары қатысқан қаланың еңбек ұжымдары мен жастарының шеруінен бастау алды. Шерудің алдында еліміздің көк байрағы мен «Нұр Отан» ХДП туын желбіретіп алып шыққан сəтбаевтық жастар жүрді.

Абай көшесінен академик Қ.И.Сəтбаев даңғылына бет алған шеруде ұлттық-мəдени орталықтардың өкілдері сап түзеп өтті.

Шеруді жалғастырғандардың қатарында қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімі бастаған білім ошақтарының ұстаздары мен оқушылары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері болды.

Мектеп оқушыларының «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында қойған көріністері қазақ елінде бүгінгі таңда мамыражай тіршілік салтанат құрғанын анық аңғартты. Сəтбаев қаласы мен Жезқазған кенті əкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлері, «Қазақтелеком» АҚ филиалы Жезқазған қалалық телекоммуникация дирекциясының қаладағы бөлімшесінің ұжымы, банк саласының қызметкерлері, жеке кəсіпкерлер, пəтер иелері кооперативтерінің жəне т.б. мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шеруге атсалысты.

Шеруде қатысқандардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты Анненск, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс, Степной, Жомарт кеніштерінің кеншілері мен Ғазиз Омаров атындағы Жезқазған шахтапроходкалау тресінің, №3 Сəтбаев байыту фабрикасының ұжымы да болды.

Шеру барысында қаланың Құрметті азаматтарының қаланы дамыту жолындағы сүбелі еңбектері жас ұрпаққа насихатталып, əр мекеменің, кеніштің, ұйымның, қаланың, елдің экономикасын еселеу жолындағы еңбектері аталып, мəдениет жəне білім саласының жас ұрпақты тəрбиелеудегі жаңа жетістіктері, ынтымақтастық пен достықты сақтаудағы үлестерінің қомақты екендігі тілге тиек етілді.

Мереке көркін Кеншілер алаңында өткен «Қазақстан – достықтың мекені» атты мерекелік концерт аша түсті. Ұлттық-мəдени орталықтың өкілдері мен қаламыздың өнерпаздары əннен шашу шашып, құттықтауларын жеткізді. Ал, бишілер жағы болса КСРО халық əртісі Гүлшара Жиенқұлованың 100 жылдығына арналған «Мың бұралған …» атты би топтарының фестивалінде мың бұрала биледі. Фестивальға қаламыздағы 10 би тобы қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Бұл күні алаңға жиналғандар спорттық шараларға да қатысып жатты. Қаланың желаяқ жастары Комаров көшесімен Гурба көшесінің қиылысына дейін жүгіруден жеңіл атлетикадан эстафетаға қатысты. Жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанғандар ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдарды еншіледі. Эстафетада ІІІ орынды М.Əуезов атындағы №14 орта мектептің командасы алса, ІІ орынды Сəкен Сейфуллин атындағы гимназияның командасы, ал І орынды №25 орта мектептің командасы иеленді.

Таңертеңгілік басталған думан кеш ауған шаққа дейін жалғасын тапты. Кеншілер алаңына кешкілік жиналған жұртшылықтың назарына үрмелі аспаптар оркестрі өздерінің мерекелік əндерін тарту етсе, жергілікті əншілер мен көркемөнерпаздар «Достықтың туын көтеріп» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Мерекені тамашалауға келген тұрғындар бір-біріне мереке құтты болсын, ынтымағы жарасқан қазақ елінің мəртебесі үстем болып, ұлтаралық достық жандана берсін деген тілектерін арнап жатты.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.