Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тематикалық күн өткізілді. Қоғамдық қабылдау ретінде өрбіген жиында бірқатар азаматтың мәселесіне құлақ түріліп, оңтайлы шешу жолдары қарастырылды.

Қабылдауды «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ержан Тоқымбаев жүргізді. Қабылдауға 4 азамат жазылды. Ақерке Нұркеева есімді көпбалалы ана өзінің 18 жастағы ұлына мүгедектік құжатын рәсімдей алмай жатқандығын айтып көмек сұрады.

Сөзінше, балаларына тиесілі құжаттарды абайсызда жоғалтып алған. Енді жеке төлқұжатсыз мүгедектікті айғақтайтын құжат рәсімдеудің қиындығын айтып қолғабыс етуді сұрады. Жалғызбасты ана жергілікті сауда орындарының бірінде еңбек етіп келе жатқанын алға тартып, пәтерді жалға алып тұрып жатқанын да сөз етті. Жауапты мамандар бұл жағдайға қатысты Жезқазған қаласындағы психо-неврологиялық диспансерге барып, мән-жайды анықтап алуға кеңес берді. Сондай-ақ, қала әкімі орынбасарының қабылдауына жазылу қажеттігін ескертті.

Назгүл есімді қала тұрғыны да мүгедектікті растайтын құжаттың жоқтығы себебінен жәрдемақы ала алмай отырғандығын жеткізді. Тұрақты жұмысқа орналасуға денсаулығы мүмкіндік бермейді. Тіпті коммуналдық төлемдерді уақытылы төлей алмай, қарызға белшеден бата бастағанын айтып жәрдем сұрады. Ержан Аманжолұлы Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы ретінде төлемдерге қатысты ыңғайлы етіп бөліп төлеуге ықпалдасатынын жеткізді. Бұл тұрғынға да қала әкімі орынбасарының қабылдауына жазылу ұсынылды.

Қабылдауда, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектің берілу ретін сұрай келген аналардың өтініштері тыңдалды. Оларға да тиісті консультативтік көмек берілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.