Керегесі кеңейе түсті

Өндірісі өркендеген өңірде өнім көлемін арттырып, тұтынушы сұранысын қанағаттандыру қажет етіледі. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыру үшін шағын және орта бизнеспен айналысушылар үшін тиімді бағдарламалар ұсынылып, сауда орындары халық игілігіне берілуде. Таяуда қаламыздың орталығында орын тепкен «Ulytau Mall» сауда орны кеңейтіліп, нысанның екінші бөлігі салтанатты жағдайда ашылды.

Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев өз Жолдауында кәсіпкерлікпен айналысу қала мен ауылды дамытудың берік негізі екендігін ескертіп, жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, жергілікті бюджетті нығайтатынын атап өткен болатын. Бұл орайда ісін ілгерілетемін дегендерге қаржылай қолдау көрсетілуде.

Осыдан төрт жыл бұрын ашылған сауда орны бүгінде халық көп жиналатын қоғамдық орынға айналып үлгерді. Онымен қоймай жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалды. Нысан иесі, жеке кәсіпкер Әбутәліп Еңсебаев «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен жеңілдетілген несие алып, ісін ілгерілетіп отыр. Іргесі кеңейген ғимаратта жаңадан сауда нүктелері ашылып, 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

– Екі ірі сауда желісі қос қабатта қызмет көрсететін болады. Ал үстіңгі қабатта киім-кешек сататын бутиктер өз тауарларын ұсынатын болады. Тұтынушылар игілігі үшін эскалатор орнатылды. Ғимарат алдында көлік қоюға арналған орындар бар. Алдағы уақытта ғимарат ішінде кинозал ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Әбутәліп Еңсебаев.

Сауда орнының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев шаһардағы шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны артқанын айтып, кәсібін дөңгелетуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.