Алаңдауға негіз жоқ

Қарағанды облысында коронавирусқа қатысты бір де бір жағдай тіркелмеген. Аталмыш инфекцияның алдын алу шаралары туралы Денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте мәлім болды.

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы коронавирустың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров бастаған штаб құрылды. Негізгі бағыттарды қамтитын іс-шаралар кешені әзірленді. Медициналық қызметкерлер ауқымды оқытудан өтті. Облыс бойынша провизорлық бақылау және азаматтарды карантиндеу үшін орындар дайындалды, – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Ол сондай-ақ, медициналық маска туралы да түсініктеме берді.

– Бүгінгі таңда біз маска киіп жүру режимін енгізген жоқпыз. Алаңдауға негіз жоқ. Ақпан айының басында облысқа шамамен 700 мың бетперде жеткізілді. Біз тұрғындардың сұранысын толық қанағаттандырамыз, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Ведомство басшылары азаматтарды жалған хабарламаларға сенбеуге, тек ресми ақпаратты пайдалануға шақырды. Анық ақпаратпен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтау басқармасының, тауарлар мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің сайттарынан таныса аласыздар.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.