МАЮРИдің мерекелік тартуы

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Маюри Девдас» би ансамблі шығармашылық кеш өткізді. Қазақстан халықтарының достығы мен бірлігі күніне арналған мерекелік кеште би тобы өз өнерлерін паш етті.

Би – адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл күйде, қанаттанып жүруге жетелейтін, жанға қуат беретін өнер. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, əсемдік сыйлайды. Жүректегі махаббатты, ойдағы жазуды, ыстық сезімді би тілімен, тек қимылмен жеткізетін үнді билерінің басқа би түрлерінен, əрине, орны бөлек. Осындай тілсіз өнерді бағындырып, өзіндік стилімен ерекшеленетін топ – қаламыздағы «Маюри Девдас» би ансамблі.

2000 жылдың ақпан айында «Көркем» деген атпен ашылған бұл топ, 2001 жылы «Маюри» болып қайта құрылды.

Ал, 2010 жылы аттарын «Маюри Девдас» би ансамбліне ауыстырады. 12 жылдан бері бұл топқа жетекшілік ететін Бақыт Уалиеваның 100-ге тарта тəрбиеленушілері бар. Кіші, ортаңғы жəне жоғарғы топ болып үшке бөлінетін би ансамблі Первостроители көшесі, 17 үйдің жертөлесінде орналасқан «Қайрат» аула клубында дайындалады.

Мерекелік кеште топ «Дарте диско», «Алегро», «Хабибе», «Дум» секілді билерді орындап, жастарды да, қарттарды да бірдей тамсандырды. Кейбір көрермендер тіпті орындарынан тұрып, əуенге еліктеп, билеп те кетті.

Сонымен қатар, жылы лебіздерін кешті тамашалауға келген қонақтар да білдірді. Көп жылдық еңбегі жəне қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін Бақыт Уалиеваға қалалық мəденисауықтыру спорт орталығы директорының міндетін атқарушы Асқар Дүкембаев Грамота мен бағалы сыйлық табыс етті.

Өз ризашылығын қалалық Ақсақалдар алқасының мүшесі Сатыбалды Сағындықов та жеткізді.

– Бұл би тобында менің немерем Шаһизада тəрбие алады. Біздің кенді өлкеде үнді халқының өнерін дəріптеп, жастарға би үйретуде зор күшін жұмсап жатқан Бақыт қызымызға айтар алғысымыз мол. Дегенмен, қаланың мəдени өміріне өзіндік үлестерін қосып жүрген осы би тобына əкімшілік тарапынан қолдау болса ғой. 100-ге жуық бала бүгінде тар əрі шаң жертөледе дайындалып жүр. Бұл бір жағынан денсаулықтарына зиян келтірсе, бір жағынан өнерлерінің дамуына кедергі жасайды. Ата-аналардың бұл тілегі билікке жетеді деген сенімдеміз, – дейді Сатыбалды ақсақал.

Жалпы, думанды кеш өте жоғары деңгейде өтіп, бишілер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жиналған қауымның ду қол шапалағынан-ақ би тобы олардың жүрегінен орын тапқаны белгілі болды. Талантты жастардан құралған «Маюри Девдас» би ансамблінің алар жетістігі, бағындырар биігі əлі алда деп білеміз.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.