ҰЛЫТАУ ТАУЛАРЫ – ҰЛЫ ТАУЛАР

Ұлытау – барша көшпелі-лердің жүрегі, алтын ұясы. Оның ұғымының ұлылығы мен ұлағатында телегей сыр, теңдесі жоқ терең мағына жатыр. «Ұлытау» атауын бағзы кісілер бұл таудың тым көне болғандығы үшін берген болуы мүмкін деген халық арасында әфсана бар. Ұлытау – атауы айтып тұрғандай, «Ұлы Даланың Ұлы тауы». Көне дәуірден бері келе жатқан түркілердің мекені. Кезінде тарихтың атасы Геродот Ұлытау тауларын «сақ таулары» деп атаған.

Ұлытаудың түркі әлемінде алар орны ерекше дейміз, бірақ, біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды танытып жүрміз бе? Бүкіл түркі жұрты арасында өз деңгейінде насихаттай алып жүрміз бе? Міне, әңгіме осында.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ, бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өткені аян. «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени турнысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс», – деген еді сол жолы Мемлекет басшысы.

Кез келген елге барған адам ең алдымен сол елдің тарихын, мәдениетін, салт-санасын білгісі келеді. Ал егер ол елдің тарихында ұлы тарихи оқиғалар, тарихи, археологиялық ескерткіштер болса, туристердің сол жерлерді көруге деген қызығушылығы екі есе артады.
Осы орайда талай ұлы тарихи оқиғаларға куә, тарихи-мәдени маңызы зор, шоқтығы биігі, Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр, Домбауыл, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт, «Хан Ордасы» кесенелері, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, түбі бір түркі жұртының таңбасын басып, енші алысқан «Таңбалы тас» кешені, қола дәуірінің металлургиялық орталықтары, түркілік тас мүсіндер, сақ қорғандары мен оғыз-қыпшақ қалалары, шипалы су көзі – Ембұлақ құдығы бар, «Ұлт ұясы» атанған Ұлытау ұлы бабаларымызға тағзым ететін орталық қана емес, ішкі және халықаралық туризмнің орталығына айналуы керек. Оған Ұлытаудың мүмкіндігі жетеді.

«Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі осы мақсаттағы жұмысының бір бағыты ретінде «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасын жасап, іске асыруда. Жобаның мақсаты – дүниежүзіндегі барлық «Ұлытау» деп аталатын таулардың шыңына шығу, сол жерлерді мекендеген этностарға ортақ ерекшелікті, ұқсастық пен дүниетанымын анықтау, зерттеу, зерделеу. Тек қазақ халқының тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ, көшпелі жұрттың да киелі ордасы, құтты мекен болған Ұлытаудың ұлылығын дәріптеу, рухани құндылықтарды насихаттау.

Музей жүргізіп жатқан бұл жоба Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі алып аймақтағы Түркі әлемі мен Еуразиялық дала өркениетінің тарихын, салт-санасын зерделеп, қазіргі тұрмыс-тіршілігін көрсететін фотоальбом шығаруды қолға алған «Әлем таулары» жобасы мен «Ұлы Еуразия даласы» жобасының жалғасы іспеттес.

«Ұлытау таулары – Ұлы таулар» зерттеушілік, фотожобасы аясындағы экспедицияның мақсаты – «Ұлытау» атауын иеленген, Қазақстандағы Ұлытау, Түркиядағы Улы-Даг, Ресей Федерациясындағы Уллу-тау (Кабардино-Балкарии), Алтайдағы Улуг-Даг (Тыва Республикасы) және Улутаг (Хакасия Республикасы) киелі тауларының тарихи маңызын, ортақ ерекшеліктерін, ұқсастықтарын анықтау, зерттеу және түркі әлемінің дүниетанымындағы рухани сабақтастықты айқындау.

Ағымдағы жылдың 17-25 ақпан күндері аралығында «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасы аясында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі мен «Nomad Explorer» саяхатшылар бірлестігінің экспедициясы Түркия мемлекетіне арнайы барды. Онда Бурса қаласының Улы-Даг университетінде жергілікті ғалымдармен кездесті. Экспедиция мүшесі, музей фотографы Дмитрий Ругис университет басшылығымен жоба бойынша ынтымақтастық туралы сәтті келіссөздер жүргізіп, «TUDAM» Түркі мәдениетін дамыту орталығы басшысы Ердем Өздемирмен жүздесті.

«TUDAM» орталығының қабылдау залында Дмитрий Ругис пен музейдің серіктесі, Ұлытаудың тумасы Руслан Ыбырай орталық қызметкерлері мен Улы-Даг университетінің студенттеріне музей жобасының мақсаты мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіндегі Ұлытаудың рөлі жайлы айтты. Дмитрий Ругис түркиялық әріптестерді Ұлытаудағы «Көкмайса» этнофестивалі мен «Жезкиік» музыкалық фестиваліне шақырды.

Профессор Халит Екен құттықтау сөз сөйледі. Кездесу Дмитрий Ругистің «Ұлытау» фотокөрмесімен аяқталды.

Ежелгі аңыздарда «Улы-Даг» шағын Олимпі «Мизия Олимпі» деп аталған. Бұл таудан ежелгі Құдайлар Троян соғысының барысын бақылаған. Орта ғасырларда бұл жерге монахтар қоныстанып, тау «Кешиш-даг» (Монах тауы) деген атауға ие болған.

Ортағасырларда Қазақстанды мекен етіп, кейіннен, осы жерге ығысуға мәжбүр болған түркі тілдес оғыз тайпалары бұл тауды оғыз диалектісінде «Улы-Даг» деп атап, туған топырағына деген құрметін көрсетуі әбден мүмкін.

Экспедиция мүшесі Дмитрий Ругис оғыздар мекендеген көне қоныста болып, фототүсірілім жасады.

«Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» экспедициясының ендігі бағыты – Солтүстік Кавказдағы (РФ) Уллу-тау болмақ.

Б.ҚОЖАХМЕТОВ,
«Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің директоры.

Комментарии закрыты.