Құрмет – көпбалалы аналарға

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қала деңгейінде өткен іс-шараларда шек жоқ. Барлық басқосу аналардың құрметіне арналды. Бұл жолы қалалық меценаттар клубының төрайымы Меруерт Бақбергенова және қалалық аналар кеңесі бірлесіп, көпбалалы аналарды ақ дастархан басына жинады.

Қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ақжарма тілегін білдіріп, қазіргі қоғамда әйелдер тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі екендігін атап айтты. Сондықтан, елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.

Үнемі қайырымдылық іске белсене атсалысатын клуб мүшелері көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға арнайы Алғыс хат пен сыйақы табыс етті. Өз кезегінде аналар атынан мерейлі кеш үшін Алтынай Жолдасханова алғысын білдірді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.