Өндірісті өрге сүйреген

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Жыланды» кенішіндегі батыр аналар мен арулар ардақталды.

Кеніш асханасында арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада өндірісті өрге сүйреген нәзікжандылар төрден орын алды. Кеніш бастығы Нұрболат Байсадықов ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ерлермен бір сапта тер төккен қыз-келіншектерге алғысын білдірді.

– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан, жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау, ардақты анаға құрмет көрсету. Егер әр отбасыда аналарымыз бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады. Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана сіздерге арналады. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыздарымыздың отбасына амандық, еңбегіне береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Осы тектес тілектерге кеніштегі «Еңбек» кәсіподағының төрайымы Зәуреш Исмағұлова, «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Жанат Мендібаев, «Жастар – Болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Радина Сүлейменова, бригадирлер кеңесінің төрағасы Дархан Алмахов, кеніштің бас инженері Дархан Әбдіқосов қосылып, лайықты жандарға тиісті марапат пен сый-сияпат жасады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.