Бұл – рухани жаңғыру бағдарламасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын аса маңызды стратегиялық құжат деп білемін. Өз басым солай қабылдадым. Неге дейсіз ғой. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.

Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, енді білімге сенген заманда қапы қалып жүрмеуіміз керек. Ол үшін тарихи құндылықтарымызды сақтай отырып, сәт сайын жаңғырып жатқан мына жаңа заманның жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, 30 дамыған елдің қатарына ену. Бұл үшін біз Тұңғыш Президентіміз атап көрсеткендей, ең басты шарт – ұлттық кодты сақтай білуіміз қажет. Өйткені, өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес. Ендеше, болашаққа бұлыңғырсыз аяқ басуымыз үшін тарихымызды жаңаша жандандыруымыз керек. Бұл тұрғыда Елбасы «Қазақстанның бүгіні мен болашағы – халқымыздың ынтымақ-бірлігінде, ырыс-құтты тірлігінде», деп атап көрсетті де. Сол бірліктің арқасында еліміз экономикалық даму мен әлеуметтік жаңару, жаңғырудың даңғыл жолына түсті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Жолдауларда қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білемін. Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгендігін түсіндім.

Қазір елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал, бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар беделінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Рух үшін сүрген өмір ғана рахатқа жеткізеді дегеніндей, рухымызды көтеріп, руханилық жағына тереңірек үңілетін күн туды.
Уақыт – қарқынды зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден өттік. Ең қиын жылдар қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін. «Мәңгілік ел» – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бай-қуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Шүкір, бүгінде біз соның бәріне қол жеткіздік. Еліміз – Тәуелсіз, еңсесі биік, әлем таныған Ұлы Дала елі атанды.

Сөзімді түйіндей келе мен тағы да қайталап айтамын, Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы . Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мақалада Елбасымыз біздің еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды, бұқаралық санамызды қалай өзгерту керектігін тайға таңба басқандай даралап, саралап түсіндіріп берді. Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.

Иманбай БРАЛИН,
Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты.

Комментарии закрыты.