«Бұрымыңның бұрқырайды жұпары»

Осындай атаумен Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапханасында арулар сайысы ұйымдастырылды. Бұрымдылар байқауында қыздардың өнері мен алғырлығы сарапқа түсіп, қыз тәрбиесіне қатысты ойлар ортаға салынды.

Қазақ қыз баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. «Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деген аталы сөз де соның айғағы. Жақсы тәрбие алған, үлкеннен үлгі өнеге көрген қыздарға ерекше құрмет көрсетілген. Қазір сол құндылықтардың орнын батыстың идеологиясы басып келе жатқандығы көңіл қынжылтады. Бүгінгі міндет – сол олқылықтың орнын толтырып, қазақы тәрбиені қайта жандандыру. Бойжеткендер байқауы осы мақсатты меже тұтып, бұрымды аруларды бір шаңырақ астына жинады. Қала мектептері мен колледждерінен қатысқан 10 бұрымды ару бәсеке көрігін қыздыру үшін бар талапқа сай болып келді.

Байқаудың шартына сәйкес қыздардың сұлулығы ғана емес, талантты һәм өнерлі, бастысы өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін жақсы білетін бойжеткендер таңдалды.

Әйелдердің халықаралық мейрамына орай өткізілген жарыс төрт кезеңнен тұрды. Айта кетсек, «Мен қазақтың қызымын дара туған» кезеңінде қатысушылар өздерін ерекше мәнерде таныстыруға талпынса, «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» бөлімінде анасымен өткізген бір күндік өмірі бейнеролик арқылы көрермен назарына ұсынылды. Қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақтар кезеңі арулардың зияткерлік қабілетін таразылап алуға мүмкіндік берді. «Бәрі де ана, бір өзіңнен басталады» атты монолог оқу кезеңі де қатысушылардың шығармашылық ізденісін бағамдап, дауыс мәнеріне мән берілді.

Байқау нәтижесі бойынша үшінші орынға №15 мектептің оқушысы Ақторғын Бөгетбай мен №19 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Қызғалдақ Арыстанбек лайықталды. №3 мектеп оқушысы Саяжан Орашова жүлделі екінші орынға ие болса, сайыстың бірінші жүлдесіне 16 мектептің 10 сынып оқушысы Аяулым Болат лайықты деп танылды.

Байқаудың Бас жүлдесі №19 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Аружан Жұматоваға бұйырды. Барлық қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан түрлі сый-сияпат табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.