Сенбілікте белсенділік байқалды

Өткен аптадағы облыстық сенбіліктің қарқыны таңертеңгілік баяу болғанымен, сағат он-он бірлерге қарай қыза түсті.

«Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен «Жеңіс» саябағы тазаланып, егілген ағаштардың түптері қопсытылып, арықтар қазылды. Ескі бассейннің орнындағы қоқыстар жиналды. Бұл жұмыстарды қала мектептерінің ішінде №7, 16, 25 мектептің оқушылары мен №3 кəсіби лицейдің, технологиялық колледждің студенттері жұмыла атқарды.

Сəтбаев қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, сенбілікке 307 кəсіпорын мен мекеме, 7830 адам қатысып, қаланың ішіндегі жəне төңірегіндегі жиналған қоқыс үйінділерін шығаруға 42 көлік жұмылдырылған.

Бұл күні басты көшелерде, атап айтқ-анда Ерден, Абай жəне Тəуелсіздік даңғылдарында сенбіліктің өту барысы жақсы деңгейде болды. Тəуелсіздік даңғылының бойында қалалық емхананың, мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері сенбілікке атсалысты. Кеніштерден əдеттегідей СЖК, «Степной», ШЖК, ОЖК мен №3 байыту фабрикасының ұжымдары өздерінің аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізіп, жол жиектерін əктеді. Электр желілері кəсіпорыны 5 көлік шығарып, Иманов, Молдағұлова көшелері мен гараждардың ортасында жиналған қоқыстарды шығарды.

Шаталюк көшесі 20 үйдің көше жақ бетінде құрылыс қалдықтарын жинастыруда №16 орта мектептің 5 сынып оқушыларының үлесі қомақты болды. Оқушылар сондайақ, аялдамалардың маңын да жинап, сыпырып жатты.

«Береке», «Гранд», «Жақсылық», «О, ғажап» дүкендері санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының ескертулерінен соң сенбілікке шыққан. Басқарма мамандары 173 түсіндірме əңгіме жүргізіп, 14 ескерту беріп, 3 айыппұл салған.

«Тазалық – 2020» мекемесінің жұмыскерлері Кеншілер алаңына жазда сəн беріп тұратын гүлдер отырғызды.

Жалпы алғанда, бұл жолғы сенбілікте белсенділік танытқандар қатары өсті.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.