Олжалы оралды

Жуырда сәтбаевтық каратэшілер республикалық турнирде үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп келді. Мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушілері ел астанасында өткен дүбірлі бәсекеде дараланып, шеберлігін шыңдады.

Киокушинкай-кан каратэ сәтбаевтық өрендер үшін спорттың таңсық түрі емес. Каратэнің ең қиын әрі қатаң түрі саналатын киокушинкаймен айналысушылар саны кенді қалада да артып келеді. Айла мен асқан шымырлықты қажет ететін спортты серік еткен жасөпірімдер наурыз айының 6-7 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған додада түрлі салмақ дәрежелері бойынша жекпе-жекке түсіп, бәсеке көрігін қыздырды. Үйірменің бапкер-жаттықтырушысы Қуатбек Тоқтыбаевтың шәкірттері жарысқа қатысқан барлығы 400-ге жуық спортшы ішінен оза шығып, жүлделі орындарды иеленді.

Жарыс қорытындысында сәтбаевтық каратэшілер жеңіс тұғырынан бірнеше мәрте көрінді. Мәселен, №1 мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Айдос Әлдиев, № 7 мектептің 8 сынып оқушысы Айдын Әміралин, Сәтбаев қаласындағы Технологиялық колледждің студенттері Ақылбай Төлеубеков пен Арсен Нұртазин үкілі үшінші орыннан көрінсе, №27 мектеп оқушысы Асылхан Құланбаев пен Технологиялық колледждің студенті Бауыржан Зікірия екінші орынды еншіледі. № 27 мектептің тәрбиеленушілері Ернар Асайын, Әлібек Сембетов, Әсет Біліс, №19 мектеп-лицейінің оқушысы Дәуіт Батыршаев жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Осылайша сәтбаевтық спортшылар республика деңгейінде өткен байқауда қала абыройын асқақтатып келді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.