Сең

Өзен үстін құрсаулаған қалың қар күн санап азая береді. Бұдан сәл бұрын бұл жерде тіршіліктің белгісі білінбейтін-ді. Енді, міне, мұз да көрінді. Түсі алдымен көкшілденіп, бірте-бірте қаракөк тарта бастады. Көп кешікпей мұз құрсауды еріген қар суы жапты. Жағалаудағы мұз жиегі еріп, қызыл су жүре бастады. Өзен ортасындағы жылым сулар ұлғая түскен.

Әнебір жылдары көктемгі өзен жәй бір жылымық еріп, жылап ағып жатып басылып қалатын еді. Сосын жаз ортасына жетпей-ақ ойдым-ойдым болып бөлініп, аяғы тартылып тынатын. Соңғы жылдары өзеннің тасуы өзінің бұрынғы буырқанған күйіне келе бастағандай. Жұқарған мұз құрсауы сарт-сұрт сынып, жарылып бөлінеді. Сәлден кейін үлкендігі үйдің орнындай мұз бөліктері ағынмен алға қарай жылжи бастайды. Бір-бірімен соғысып, шарт-шұрт сынады.
Мұз көшкіні былай қарағанда тынымсыз тіршіліктің көшірмесі сияқты. Топ-тобымен үсті-үстіне андыздайды. Көп ұзамай судың түсі әлемтапырақтанып қап-қара лайға айналып шыға келеді. Күн өткен сайын ағыны күшейген өзен суы жолындағысын жайпап өтетін жойқын күшке айналады. Кешегі бұйығы тіршіліктің ізі де қалмайды.
Уақыт озған сайын өзеннің арнасы да жалпайып, жайыла түседі. Жағадағы аласа жыңғыл, балауса талдардың ұшы судан әрең көрінетін күйге жетеді. Қарсы беттегі жағалау әрі қарай жылыстап алыстай береді.
Өзен бетіндегі сең көшінде толас жоқ. Таусылып бітпейтін сияқты. Су көтеріліп, өзен арнасынан асып, сай-саланы қуалап кетеді. Өзен суы жұлқына долданады. Кешегі өзің шомылып, балығын аулаған айдының емес, бөтен, танымас, тасқынды дүлей.
Енді бірде қарасаң, қопарыла аққан су тасқынының қуаты қайтпаса да, бетінде анда-санда, бірен-саран мұз қалдықтарының жүзіп өткенін көресіз. Бұлар мұз көшкінінің соңғысы, кешігіп қалғандары. Олар да әлдеқайда асығып бара жатқандай.
Біздің өзендерде де сең көшкіні басталады. Ол да көктемнің белгісі, ерекше көрініс.
Атамыз қазақ көктемде өзен-судың тасығанын жақсы ырымға жориды. Мұндай жылы ырыс, ақ, дәм мол болады деген ұйғарым жасайды. Лайым солай болсын дейік.

Комментарии закрыты.