Правильно



«ЭКОСОФИЯ немесе КИЕЛІ ТАБИҒАТ»

Таяуда оқырмандарға таныстырылған кітап осылай аталады. Ол былтыр сайын даланың сәні мен мәні болған жезкиікті адамның қорқауынан қорғау кезінде қапияда оққа ұшқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтің рухына арналған.

Бұл — «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген он бірінші кітап. Жас буынды туған өлкесін, киелі жерді, табиғатты қорғауға, аялауға шақыр-ған туынды қазақ ауыз әдебиетін экология мен философия ғылымымен байланыстыру арқылы өскелең ұрпақ бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруды алдына мақсат етіп қойған.

Қысқасы, Қазақстанда экософия ғылымына негіздеп жасалған алғашқы жоба. Мұнда ежелгі түркі дәуірінен басталатын қазақ фольклорының табиғат және жан-жануар әлемі туралы қызықты қиса мен аңыз жинақталған. Экософия — қоршаған ортаның мәні мен мазмұны. Ол өсімдік пен жан-жануар әлеміне қасаң биологиялық көзбен емес, жаратылысқа рухани құндылық ретінде қазақтың «кие», «обал», «сауап» сияқты қасиетті наным-сенімі тұрғысынан қарауға шақырады. Сөйтіп, эко-этикет қалыптастыруды көздейді.

Оқырмандармен кездесуге «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, мәдениеттанушы Бағдат Құдияр, кітап авторының бірі, әлеуметтік ғылымдар магистрі Әділбек Нәби, психолог-лектор, әлеуметтік ғылымдар магистрі Сейілбек Мырзабеков қатысып, терең мағыналы әңгіме қозғады. 2017 жылы құрылған «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры Венада үшінші психотерапия мектебін қалыптастырған Виктор Франклдың «Логотерапия» еңбегін тұңғыш қазақ тіліне аударды. Әлемнің бірнеше елінде кеңінен қолдау тапқан «Экософия» идеясын алғаш қазақ жұртшылығына таныстырды.

2013 жылы қисса дәстүрін қайта тірілтіп, ХІІІ ғасырда өмір сүрген Рубғузидің «Қиссаc-ул әнбия» еңбегін насихаттауды қолға алды, осы жанрда 3 кітап шығарды. Америка ғалымы Карен Армстронгтың еңбектерін ықшамдап аударып, «сакралды география» сөзін әлеуметтік желіде айналымға енгізді. Осы идея негізінде 2017 жылы «Яссауи феномені» деген кітап жарық көрді. Кітапта қазақ дүниетанымындағы сан түрлі сакралды ұғымның қалай пайда болғанын салыстырмалы талдау тәсілімен түсіндірді.

Қоғамдық қор бұған дейін жалпы таралымы 100 мың данаға жуықтайтын «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр-Шәріп», «Логотерапия немесе өмірге ғашық болу», «Яссауи феномені», «Өмірге ғашық болу», «Махаббаттың мәні», «Өркениетті адам», «Мың сұрақ», «Әділ патша» кітаптарын оқырмандарға ұсынды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау, Орал, Ақтау, Семей, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорғанда кітап тұсаукесері өтті.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.