Жәшік жетіспеушілігі бар

Қаладағы тұрғын үйлердің ауласында қоқыс контейнерлері жетіспейді. Бұған өткен аптада Сәтбаев қалалық мәслихат депутаттары арнайы ұйымдастырған рейд барысында көз жеткізді. Халық қалаулылары жауапты мекеме қызметкерлерімен шаһардағы бірқатар қоқыс жәшіктері орналастырылған аумақтарда болып, ондағы жағдаймен танысты.

Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук шаһардағы қоқыстың уақытылы жиналмауына, қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігіне байланысты тұрғындар тарапынан түрлі арыз-шағымдар түсіп жатқанын алға тартты. Халық қалаулылары қалалық ТҮКШ бөлімі және қоқысты тасымалдаумен айналысатын «Сәт Тазалық» ЖШС өкілдерімен қоқыс тастайтын бірқатар орындарды аралады. Тексеріс барысында кей орындарда контейнердің тозығы жеткендігі, жәшіктердің мүлдем жоқтығы, жәшік айналасын ірі габаритті және ауыр салмақты жүк толтырып тастағаны анықталды. Депутаттар бұл мәселеге қатысты тиісінше шаралар қабылдауды ұсынды. Мәселен, ірі габаритті жүктерге қатысты жергілікті полиция бөлімінің учаскелік қызметіне тиісінше бақылауда ұстау қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері орнатылмаған жерлерге контейнерлерді жедел арада жеткізу қажеттігін де сөз қылды.

– «Telegram» желісінде тұрғындардан қаладағы қоқыс жағдайына байланысты арыздардың көптеп түсуіне байланысты қоқысты тасымалдау мен ондағы контейнерлердің жай-күйін тексердік. Орын алған мәселелерге қатысты тиісті шаралар қабылданады. Абай көшесі 66 үйдің маңында жәшіктердің мүлдем жоқтығы көңіл қынжылтады. Бұған қалалық мәслихат депутаттары бей-жай қарамай, екі контейнер орнатуға ықпалдасып отыр. Қазір жалпы жәшіктерді жеткізуші мердігер таңдалды. Жақын арада орналастырмақ. Бүгінгі рейдтен кейін жергілікті полиция бөліміне сұраныс хат жібереміз. Учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жүйелі түрде өткізу қажет. Сауда орындары да көп жағдайда қоқысты үймелетіп тастайды. Айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет, – деді мәслихат хатшысы.

Ал, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер жәшіктер жақын арада келеді деп сендіріп отыр. Жауапты мамандар 133 дана евроконтейнер сәуір айында орнатылатынын мәлімдеді. Ал екінші кезеңде қосымша 204 жәшік алу үшін конкурс өткізілетінін хабарлады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.