Айыппұл салынады

«Біз тамақ өнімінің бағасын көтеруге, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін барлық күш-жігерімізді саламыз және ол үшін тиісті құқықтар мен құралдар жеткілікті». Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникация қызметінің онлайн-брифингінде айтты.

Айтуынша, төтенше жағдай кезінде Үкімет азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауда. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақтандырылған.

– Төтенше жағдай режимінде ел болып, ортақ қауіп-қатерге қарсы бірігуге тиіспіз. Қазіргі уақытта біз әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түліктің шекті бағасын енгізу тетігін жеңілдетіп жатырмыз. Бұл әкімдіктерге бағалардың ауытқуына жедел ден қоюына мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың шекті бағаларды көтеретін кәсіпкерлерге айыппұл салуға құқығы бар,– деді ол.

Сонымен қатар, ол азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында сауда нысандарына, қызметтеріне уақытша шектеулер енгізілгенін атап өтті.

– Сауда орындарында адамдардың көптеп жиналуына шектеулер қойылды. Яғни, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларымен қатар қауіпті вирусты таратпау шарасы да қолға алынып отыр. Ірі гипермаркеттер, базарлар мен басқа да сауда орындары жұмыс істейді, алайда бірқатар ережелерді сақтауы керек. ҚР Денсаулық сақтау министрімен бірге бұл нысандарды залалсыздандыру бойынша жиын өткіздік. Басты мәселе – дүкендерде кезектің орын алуын болдырмау, – деді министр.

Министр ірі сауда орындарына халықтың бетпердемен кіргізілетінін, болмаса сол жерде берілетінін жеткізді.

– Ірі сауда орындары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, азық-түлік сатпайтын базарлар сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Сауда орындарының барлығында санитарлық норма сақталуы керек, – деді ол.

www.baq.kz

Комментарии закрыты.