Мешітте өтетін рәсімдер уақытша тоқтатылды

Еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты Сәтбаев қаласындағы Балмағамбет Балқыбайұлы мен Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттерде намаз оқу және басқа да діни рәсімдер өткізу уақытша тоқтатылды. Мұны ел қалай қабылдап жатыр? Бұл жайлы қаламыздағы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қоңдыбай қажы Серікбайұлы тарқатып айтқан еді.

– Бисмилләһир – рахманир – рахим. Өздеріңізге мәлім, бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауына байланысты, Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты пәтуа жариялады.
Жалпы, Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Ол жайында Алла Тағала адамзат баласына:
«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят).
Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс», – деген (Бухари, Муслим). Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.
Осылардың бәрін ескере келе, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты біздің қаламыздағы мешіттерде де жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді. Десек те, мешітер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, мешітке келгендер осы жерде де оқи береді. Алайда, бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.
Сондай-ақ, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы сияқты діни дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады. Ал, жаназа намазы тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізіледі. Ас берілмейді.
Біз осы жайттарды жамағатқа түсіндірдік. Олар дұрыс қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Тіпті, мешіт асханасына келіп тіркеліп кеткен азаматтардың өзі құдайы асты кейінге қалдыруға, не үйлерінде жақындарымен өткізуге келісімдерін берді.
Алла баршамызға сабыр, дертке шипа берсін.

Жазып алған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.