ЖӘДІГЕРГЕ ЖАН БІТСЕ…

Қарсақбайдан басталған қарапайым қадамы Үлкен Жезқазғанға ұласқан ғұлама ғалым, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа қатысты бедерлі белгі, өткен-кеткенді қозғауға «тамызыққа» жарайтын жәдігер Ұлытау-Жезқазған жағында жеткілікті. Бүгінгі әңгіме соның бірпарасына байланысты.

Қаныштың «көзі»

Құрылымы өзгертіліп, бес бөлмеге белгілі бір жүйемен жәдігер қойылған Қарсақбайдағы тарихи ғимарат – Қ.Сәтбаев атындағы музей-үйді ел осылай әспеттейді. Онда 3 мыңға жуық жәдігер: Қаныш пен отбасының жеке заты, тұтынған бұйымы мен кеңсе құралы, сирек кездесетін қолжазбасы мен еңбегі, т.б. сақталған. Басы артық дүние жоқ, тіпті Қаныштың түймесін қадаған тебенге дейін, «тіл бітсе» талай сырды жайып салар түрі бар.
1928 жылы салынған екі пәтерлі еңселі үйдің бір басында 1941 жылға дейін отбасымен Қаныш Имантайұлы тұрды, екіншісінде геологиялық кеңсе орналасты. Академиктің 70 жылдығына орай мемориалдық музейге айналған ол – жиі жолың түссе де жалықтырмайтын, рухыңды көтеріп, жан-дүниеңді жаңғыртатын айрықша әлем.
Академиктің өмірбаянын өрнектейтін жәдігер жинақталған бұрынғы «қонақ бөлме» Қаныштың тұңғышы Қанисаның естелігі негізінде 1940 жылғы үлгімен қайта қалпына келтірілген. «Минералогиялық кабинетке» айналған бір кездегі «жатын бөлмеге» керемет коллекция қойылған. Жезқазғанның мысы мен мырышы, Байқоңырдың көмірі, Ақтастың сутасы (хрусталь), Жездінің марганеці, Балқаштың бариты бірден көзге түседі.
Есепші, жоспарлаушы отырған, батыл болжам жасалып, бүкіл аймақ тағдыры шешілген аядай бөлме бүгінде Қарсақбай тарихына арналған. Жеке мүлкі кезінде «камералка» атанған, жұмысты жүйеге келтіріп, минерал өңдеген бөлмеге жинақталған. Ұлттық өрнекпен әдіптелген шапаны, қызметке киген костюмі ілулі тұр. Қанекең темекі тартпаған, насыбай атқан: шақшасы сол қалпы сақталған. Сапарға шыққанда қалдырмайтын шабаданы да сонда.
Өзгермеген – «қызмет кабинеті». Үйдің бұл басы геологиялық кеңсе болғанда да Қанекең осында отырыпты. Қабырғада – көлемді геологиялық карта. Бір бұрышқа жұмыс үстелі жайғасқан. Қасында – сызба үстелі. 100 жылдығы тойланғанда ғұлама ғалым 1929-1941 жылдары тұтынған жиһаз, кітап сөресі музейге қайтарылған.

Соғыс «бағын ашқан» кеніш

Қаныштың Жездіге қатысы қарастырылғанда, алдымен Ұлы Отан соғысының бастапқы кезінде болат қалқанның (бронь) беріктігін нығайтатын шикізат қоры жау қолында қалып, қысқа мерзімде марганец кен орны қатарға қалай қосылғаны ойға оралады. Шынтуайтында, оның тамыры тым тереңде жатыр. Соғыс – соның салдары ғана!
Сонымен, марганец мәселесі күн тәртібіне өте өткір қойылды. Сол сәтте Жезді ферромарганец кен орнының қорын анықтауға қатысты қым-қиғаш күрес қалай жүргені Қ.Сәтбаевтың 1942 жылы қаңтарда КСРО ХКК Геология ісі жөніндегі комитетке жазған хатында көрініс тапқан. «Құпия» белгісі соғылған 9 бет хабарламада 1941 жылы желтоқсанда басталып, бірақ, бір ай бойы түбегейлі шешімін таппаған маңызды мәселе орынсыз тығырыққа тірелгенін тілге тиек етеді.
Қор комиссиясының күмәнді шешіміне күдікті сейілтетін нақты айғақ, жан-жақты дәлелмен жауап береді. Майданға марганец қажеттігі ауадай артып, жау алқымнан алған алмағайып тұста тәуекелге бел буған ол біліктілік пен батылдық көрсетеді. «Мылтықсыз майдан» немен аяқталғаны, Жезді тағдыры қалай шешілгені тарихтан белгілі. Соғыс кезінде Одақта өндірілген марганецтің 70 %-тен астамы Жездінің үлесіне тиеді…
Жездідегі М.Төрекелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіндегі Қаныштың 1936 жылы 3 ақпандағы қолжазбасына (суретте түпнұсқасы) қарасақ, жас ғалымның жіті назары Қарсақбайдан «қозыкөш» жердегі Жезді жүлгесіне бірден түскені байқалады. «Нарсай» мен «Найзатастың» маңайына бұрғы бойлатып, браунит (марганецтің техникалық атауы – авт.) кенінің қоры барын анықтайды.
Қаныш қолжазбасында геологиялық-барлау жұмысын жүргізудің жай-жапсарын «жіліктеп» жеткізеді, қай жерге қандай бұрғылау қондырғысын қою мен қанша тереңдікте ұңғыма өту керектігін, тіпті бұрғылау тәсілін де көрсетеді. «Үлкен Жезді» өзенінің осы бір аңғарында жатқан марганецтің қоры түбі бір кәдеге жарайтынын қалтқысыз түйсінген сыңайлы.

Бағалы бармақтай «тас»

Ол – Қаныш Имантайұлы жазған сипаттамасы қоса сақталған «Гранат» минералы. Бармақтың басындай ғана, бірақ, баға жетпес қымбат қазынаға айналған осы бір бурыл тас көрнекті жерге қойылған. Басқаға бұйырмай, ғұлама ғалымның қолтаңбасы мен қымбат жәдігер Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музейге қаңғалақтап қалай келген?
Музей қызметкері Еркебұлан Камалиевтің айтуынша, 2018 жылы қыркүйекте Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаевамен «Жанына археологияны серік еткен» атты кездесу өтеді. Сонда құрметті қонақ музей қорына Қаныштың қолтаңбасы бар бір жапырақ қағаз бен «Гранат» минералын тапсырады.
«Мұндай сирек жәдігерді сақтап, жұртшылық игілігіне айналдыруға бұл тарихи-археологиялық музей әбден лайық!» деген ол жәдігердің тарихын да тілге тиек етеді. Оны Қаныш Сәтбаев археолог Кемел Ақышевке беріпті. Ол ұлы Әлішерге аманаттаған. Әлішер Антонина Сергеевнаға ұсынып тұрып: «Жәдігер жоғалмайтындай бір музейге берерсің» деп өтініпті. Сол өтінішті орындаудың орайы осылай келіпті.
Ал, Қаныш Имантайұлының қара-көк түсті, ақ жолағы бар, астары сұр түсті матадан тігілген галстугін Жезқазған қаласының тұрғыны Қарлығаш Сердалинова тапсырыпты. Қарлығаштың әкесіне оны сол үйде қонақта болғанда Қаныш Сәтбаев сыйға тартыпты.
Музейде Қаныш Имантайұлының шағын (өлшемі 28:18,5см.) дала сөмкесі де тұр. Қоңыр түсті, іші үш бөліктен тұрады, тойтарма түймесі бар. Сондай-ақ, экспозициядан Қаныш Сәтбаев тапқан минерал: табиғи мыс, халькопирит, борнита, халькозин, малахит, азурит, гиалит, халцедон лайықты орын алған.
Жалпы музей қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған. Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихын насихаттауды мұрат тұтқан мекемеде 1988 жылы көне дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция ашылды.

Жаңғырған жатын бөлме

«Қазақмыс» корпорациясының тарихи-өндірістік музейі 1997 жылы тамызда «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің Қ.Сәтбаев атындағы мұражайы мен Жезқазған кентіндегі Н.Валукинский атындағы геология-минералогия музейінің базасында құрылып, «мұражай-көрме кешені» деп аталды. Келесі жылы қаңтарда салтанатты жағдайда ашылды.
Кеңейтілген әрі қоры Қаныш Имантайұлының жеке мүлкімен, академик пен оның қызметтестері туралы құжат және материалмен молыққан мұражай-көрме кешеніне 2008 жылы 18 қыркүйекте академик есімі беріліп, атауы «Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей» болып өзгерді.
Музейдің бір залы басыбайлы Қаныш Имантайұлының отбасы тұтынған жиһаз коллекциясына (үстел, орындық, жылжымалы дөңгелек үстел, арқалы орындық, комод, диван, шынылы асадал, кереует, шарайна) берілген. Ондағы жатын бөлмеге көз салмай өту мүмкін емес. Академиктің жартығасырлық мерейтойында әріптестері сыйға тартқан жиһазды қызы Мейіз 110 жылдығында музейге тапсырыпты. Сол жылы қайта өңдеуден өткізіліпті.
Тарихи-өндірістік музей қойылған жәдігерлер сипатына қарай бір-бірінен ерекшеленетін үш залдан тұрады. Қазір ондағы экспозицияның жалпы аумағы 460 шаршы метр жерді алып жатыр. Әсіресе, ондағы минерал қоры келген адамның назарын еріксіз өзіне аударады. Сөреге қойылған әр таста Қанышқа қатысты сыр тұнып тұр!
Мұнда Қанышқа қатысты жәдігер жеткілікті. Оның жұмыс үстелі мен 50 жылдығында жезқазғандық геологтар сыйлаған жез самауыр да көрнекті жерге қойылған.

Тұғырын тапқан теодолит

Бұдан жиырма жыл бұрын есігін айқара ашқан «Сәтбаевтану» музейі бүгінде Сәтбаев қаласындағы №27 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымының ғана емес, жалпы жұртшылық жиі бас сұғатын киелі орынға айналған. Музейдің басты экспозициясы – академиктің өмірі мен қызметі жайлы алуан дерек шоғырланған, ол тұтынған түрлі сирек зат туралы баяндайтын ғажайып ғалам. Оған екі жүзден астам жәдігер қойылған.
Музейден лайықты тұғырын тапқан жәдігердің бірі – жас геолог күнделікті қызметінде қолданған, кен құрамын анықтайтын «Том» теодолит құралы. Зертханадан жырақта жүрген ол кездестірген кен орнында қандай элемент барын білу үшін бұл жабдықты жата-жастана талай пайдаланғаны анық. Бүгінде музейдегі сирек жәдігер саналатын «Тасқұдық» кен орнының сызбасын 1931-1934 жылдары сызғанда да оны кәдеге жаратуы әбден мүмкін.
Қарсақбайда болашақ ғалым іргетасын қалаған геологиялық бөлім базасында құрылған Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясын жаңа ғасыр басында қайта құру кезінде теодолитпен бірге Қаныш кен барлауда пайдаланған «Алмаз» геологиялық компасы мен «Феникс–М» есептеу мәшенкесі де осы музейге тапсырылыпты. Музей қорындағы құнды жәдігер қатарында қазір жер қойнауындағы кен құрамында кездесе бермейтін таза мыс, хризоколла, кальцит, пирит, барнит, халькопирит сынды тас та бар.
Қорда қыздарының бұрынғы Никольский қаласына әкесінің есімін беру, ескерткіш орнату, кезінде даудамай тудырған тегін дұрыс жазу жөніндегі бірнеше хаты сақталған. Сондай-ақ, академик жайында жазылған бірсыпыра еңбек қойылған. Дара дарынның ізінен ерген, оның көзін көріп, бірге еңбек еткен адамдар туралы мағлұмат пен бейнесі «Кен өндірісінің қаһармандары, академиктің ізбасарлары» деген атаумен топтастырылған.
«Сәтбаевтану» музейінде танымдық тәрбие сағаты, ұлы ғалымды көрген, қызметтес болған адамдармен қызықты кездесу өткізіліп тұрады. Тарих және мәдениет саласы мекемесімен, зерттеуші ғалыммен, ізденімпаз жас буынмен тығыз байланыс орнатқан.

Бір уыс топырақ және аспан әлемі

Алғашқы академиктің 80 жылдығы тойланған жылы оқушыларға есігін айқара ашып, жаңа ғасырдың табалдырығын «Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицей» мәртебесімен аттаған Жезқазған қаласындағы мектепте 1989 жылдан бері Сәтбаев мұражайы жұмыс істейді.
Ол атауы-ақ көп жәйді аңғартатын 10 тақырыптық бөлімнен тұрады: «Баянауыл баурайында», «Арманға қанат қаққан жылдар», «Қазыналы Қарсақбайдың Қанышы», «Ер ырысын молайтқан бірге жүріп…», «Ғылым шыңында», «Еңбегін елі бағалады», «Мәңгілік жолды жалғастырушылар», «Сәтбаев ұрпақтары», «Сәтбаев – білім әлемінде», «Жезқазған – Қазақстанның інжу-маржаны».
Музейге Қаныштың костюмі, кесесі, планшеті, домбырасы, көзілдірігі, Алматыдағы Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінен арнайы тікұшақпен әкелінген минерал коллекциясы қойылған. Ұлы ғалымның ұрпағынан Мейіз, Ханиса мен Шәмшиябану, жезқазғандық кенші, Еңбек Ері Ғ.Омаров, сәтбаевтанушы М.Сәрсеке, ғарышкер Т.Әубәкіров, ақын К.Салықов, олимпиада чемпионы Б.Жұмаділов пен Е.Ыбырайымов, тағы бірқатар танымал тұлға қонақ болып, қолтаңба қалдырған.
Жылда Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай «Қаныш жолы» атты газет пен оқушылардың жауқазын жырының «Қаныш жауһарлары» жинағын шығару, «Сәтбаев оқуларын», «Сәтбаев кубогі» спартакиадасын, «Сәтбаев халықаралық олимпиадасының» аймақтық кезеңін өткізу дәстүрге айналған. «Сәтбаевтану» және «Сәтбаевтану ағылшын тілінде» вариативтік курсы бар.
Баянауыл баурайындағы «Теңдік» ауылында 2000 жылы жаңа мектеп ашылғанда арнайы делегация барды. Қаныштың кіндік қаны тамған жерден сол сапарда алып қайтқан бір уыс топырақ шыны сауытқа салынып, музейге қойылған. Астроном Н.Черных ашып, Сәтбаевтың есімі берілген кіші ғаламшардың сызба-бейнесі көптің көңілінен шыққан жәдігер қатарында.
Бір уыс топырақ пен аспан әлемінің арасында беймәлім байланыс бардай ерекше әсер қалдырады…

Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.