«КЕҢДАЛА» сауда орталығы ашылды

Кейінгі жылдары Елбасы Н.Ə.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің экономикасының өсуіне бірден-бір ықпал жасайтын құрылым – шағын кəсіпкерлер екенін, əр қалада, əр ауданда шағын кəсіпкерлікті дамыта түсуге баса назар аудару керектігін айтып жүр. Осы бағытта кеншілер қаласында да ілкімді жобалар жүзеге асырылып, шағын кəсіпкерлікпен айналысушылардың қатары жыл санап артып келеді. Сəулеті келісті ғимараттар қаланың сəніне сəн қосса, тұтынушыларға өнімдері мен тауарларын сапалы ұсынулары да жақсы деңгейде.

Ұлы Жеңістің 67 жылдығының қарсаңында қаладағы шағын кəсіпкерлік нысанының қатары тағы бір сауда орталығымен толықты. Қаланың орталық көше-лерінің бірі – Абай көшесінен орын тепкен жеке кəсіпкер Раушан Керімқұлованың «Кеңдала» жиһаз жəне кілем сауда орталығы апта басында қала жұртшылығына есігін айқара ашты.

Қала əкімінің орынбасары А.Ким, кəсіпкерлік бөлімнің бастығы З.Таянова, қаланың Құрметті азаматтары, жеке кəсіпкерлер мен қала тұрғындарының қатысуымен сауда орталығының ашылу салта-наты өтті.

Салтанат барысында қала əкімінің орынбасары Александр Ким Раушан Мырзатайқызына қала жастарын жұмыспен қамтамасыз етудегі, сонымен қатар, қаланың экономикасының өсуіне үлес қосудағы еселі еңбегіне ризашылығын білдіріп, саудасына сəттілік тіледі.

Мұндай құттықтаулардың қатарын қаланың Құрметті азаматтары, тыл жəне еңбек ардагерлері Мұзараф Аханов пен Мырзатай Қосыбаев жалғастырып, Раушан қыздарына əкелік тілектерін білдірді. Қаланың Құрметті азаматы Нұртілеу Жүнісов ақсақалдың ақ батасынан соң, А.Ким, М.Аханов, М.Қосыбаев лента кесу рəсімін жасады.

Кəсіпкердің анасы, ұлағатты ұстаз Рəпия апай келген қонақтарға шашу шашқаннан соң, қонақтар сауда орталығының ішін аралап, танысты. Бірінші қабатта үй жиһаздары, ал екінші қабатқа кілемдер қойылған.

– Міне, бүгін Отан қорғаушылар күнінде, Ұлы Отан соғысының 67 жылдығы қарсаңында қала тұрғындарының көптен күткен сауда орталығын ашып, тарту жасап отырмыз. Орталыққа келушілерге он екі сатушы қызмет көрсетеді. Бірінші қабатын жеке кəсіпкер Əлия Аяпбергенова жалға алып отыр. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жəне тыл ардагерлеріне жеңілдіктер қарастырылған. Біздің ендігі міндетіміз – халыққа сапалы жұмыс жасап, тұтынушылардың көңілінен шығу, – дейді орталықтың директоры Раушан Керімқұлова.

Керімқұловтар əулетінің бұл қуанышын бөлісуге сонау Алматыдан да ат арытып, арнайы құдақұдағилары, туғантуыстары келіпті. Соның бірі – əулеттің құдағиы Бибігүл Нұртілеуова апай:

– Кеншілер шаһары республикамыздағы шағын қалалардың қатарында болғанымен, қаланың өсудаму деңгейі өте қарқынды.

Болашағы зор қала. Мұндай өсу мен кемелденудің басықасында жүрген кəсіпкерлердің де үлесі қомақты деп ойлаймын. Бүгін кеншілер қаласында үлкен қуаныш болып жатыр. Керімқұлов əулеті «Кеңдала» сауда орталығын ашып, халық игілігіне қызмет етуді қолға алып отыр. Осы істеріне сəттілік тілеп, келушілері көп болсын деген тілегімді арнаймын, – дейді.

Сауда орталығынан сауда жасаған алғашқы он қала тұрғынына сыйсияпаттар жасалды. Орынбасар Байдалиева алғашқылардың бірі болып сауда орталығынан өзінің үйіне керек-жарағын алды.

Ашылу салтанатына келген қонақтар жайылған дастарханнан дəм татып, игілікті істі қолға алып отырған Қайрат Ұзақұлына, Рау-шан Мырзатайқызына сəттілік тіледі.

«Біткен іске сыншы көп» дейді ғой қазақ. Сауда орталығының маңдайшасында жазылған сауда орталығының аты бөлек жазылуы керек деген кісілер де табылып жатты. Алайда, сауда орталығының директоры Р.Керімқұлова бұл атау жолдасы Қайраттың туған жерінің аты екенін, «Кеңдала» деген атаудың бірге жазылғанын айтып, түсіндірді.

Бұл сауда орталығы алдағы уақытта қалаға сəн беріп қана қоймай, халыққа мəдени қызмет көрсететін, бағасы да, қызметі де сəтбаевтықтардың көңілінен шығатын орталыққа айналады деп сенеміз.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.