ҚЫРЛЫ СТАҚАН «ХИКАЯСЫ»

Қазір қолға түсе бермейтін, түскен күнде де «көненің көзіндей» көрінетін қырлы стақан алғаш 1943 жылы Ресейдің Гусь-Хрустальный қаласындағы ежелгі шыны зауытында жасалған екен.
Бүгінде сирек ұшырасатын мүлікке (раритет) айналған ол біздің есте кеңестік кезеңдегі тұрмыстың белгісіндей болып қалды. Ал, қырлы стақанға қатысты кейбір қызықты деректі білмейміз де. Сонымен…

1. Қырлы стақанды мүсінші ойлап тапқан. «Дизайнын жасаған мүсінші, әйгілі «Жұмысшы және колхозшы» монументінің авторы Вера Мухина» деген әңгіме бар. Бір аңызда шыны ыдыстың «жауһары» саналатын стақан сызбасын 1943 жылы Ленинград қоршауында «Қара квадрат» авторы Казимир Малевичпен бірігіп жасағаны айтылады. Казимир Малевич 1935 жылы 15 мамырда бақилық болған, бірақ, бұл аңыз-ға күні бүгінге дейін сенгісі келетін жұрағат жеткілікті.
2. Стақан қырының санына сәйкес бағаланған. Себебі, 10, 12, 14, 16, 18, 20 қырлысы болған. Бастапқыда 17 қырлысы да жасалыпты, бірақ, тақ қырлысы күрделі болғандықтан, негізінен барынша қолайлы 16 қырлысына көп көңіл бөлінген. Алғашқыда 10 қырлы стақан 3 тиын тұрған. Өзіміз үйренген 16 қырлысы 7 тиынға, 20 қырлы кедір-бұдырлысы 14 тиынға бағаланған. Алайда, жалпы сыйымдылығы сол қалпында қалған: 250 мл.
3. Қырлы стақанның пайда болуына түрткі болған ғылыми-техникалық жетістік көрінеді. Оның осындай қалпы суретші қиялынан емес, өндірістік қажеттіліктен туған. Тек белгілі бір пішін мен мөлшердегі ыдыс-аяқты жуатын машинаны соғыс басталғанға дейін-ақ ойлап тапқан кеңес инженерлерін өте төзімді қырлы стақан қай жағынан да қанағаттандырған еді.
4. «Үшеуміз қосылайық» («сообразить на троих») деген сөз тіркесіне де қырлы стақанның қатысы бар. Н.Хрущевтің заманында арақты құйып сатуға тиым салып, өте ыңғайлы 125 мл. («мерзавчик») және 200 мл. («чекушка») шөлмекті сауда сөресінен аластатады. Ал, «поллитрдегі» арақ 2 қырлы стақанға толық сыймайтын, үшеуіне онша толтырмай, кенересіне келтіріп қана құйса, дөп келетін: 167 грамнан.
5. Молдавандық тарихшы елде маскүнемдік етек алуына кеңестік қырлы стақанды кінәлайды. В.Стэвилэнің айтуына қарағанда, кеңес әскері Молдованы фашистік басқыншыдан азат еткен 1944 жылға дейін елде шарапты шағын стақанмен (50мл.) ішкен көрінеді. Жауынгерлермен жеткен қырлы стақан маскүнемдікке жол ашқан.
6. Ел арасында қырлы стақанды «маленковтікі» деп те атаған. Оған себеп – жекелеген санаттағы кейбір әскериге түскі тамақта 200г. арақ беру туралы қорғаныс министрі Г.Маленковтың бұйрығы. Арақ ішпейтіні өзінің үлесін қырлы стақан көлеміндегі темекіге немесе құмшекерге айырбастаған. Бұл тәртіп ұзаққа созылмаса да, сол кездегі көптеген әскеридің есінде ұзақ сақталып қалған.
7. Кеңестік кезеңде қырлы стақан қоғамдық тамақтандыру орнында кеңінен қолданылған. Көшеде тұратын автоматтан газдалған суды сонымен іштік. Балабақша мен мектепте компот пен айранды, шәй мен кисельді қырлы стақанмен тарататын…
Қазір кейде жолаушылар поезынан кездестіресің. Өрнектелген әшекейлі сауытқа салынған. Көзге сондай ыстық көрінеді.

Әзірлеген Әли БЕК.

Комментарии закрыты.