Қаһарман аға ұрпаққа тағзым!

Мереке алдында Сəтбаев қаласының əкімі Батырлан Ахметовтың арнайы шақыруымен бір топ ардагер ата-əжелер қаладағы «Асыл Мұра» мейрамханасында бас қосты. Заманауи технологиямен жабдықталған кең залға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Ауған соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистер жиналды.

Мерекелік іс-шараға қалалық мəслихаттың хатшысы С.Имамбай, əкім орынбасары М.Мəдиева, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев, қалалық соттың төрағасы Р.Мұқатаев жəне қала прокуроры Е.Ташенов қатысты.

Қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге келген ардагерлердің көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын. Қонақтарды Ұлы Жеңістің 67 жылдығымен қала басшысы Б.Ахметов құттықтады.

– Құрметті ардагерлер! Барша бейбітшіл адамзат өмірінде бүгінгі мерекенің алатын орны өзгеше. Сіздердің арқаларыңызда біздің аспанымыз ашық болып, тыныш та бейбіт өмір сүріп, алаңсыз еңбек етіп келеміз. Сіздер сияқты жеңімпаз аға ұрпақтың ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы, Отанымыздың тəуелсіздігі жолындағы құрыштай берік бірлігі – бізге əрқашанда үлгі болады.

Осындай тамаша күні Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз, – деді қала əкімі.

Салтанатты жиында өз тілектерін Серік Имамбай, қаламыздың Құрметті азаматы Оразбек Біркен, ҰОС ардагері Акбар Аманжолов, қорғаныс бөлімінің бастығы Д.Ахматкулов жəне жауынгер-интернационалистер жеткізді.

Көңілді дастархан басында соғыс жылдарындағы əндер шырқалып, қонақтарды бір сергітіп тастады. Жергілікті өнерпаздар Жамал Омарова «Ах, Самара, городок», Дина Садырбекова «Əлия», «Нежность» секілді əндерді əуелетсе, «Импульс» би тобы «Журавли», «Идет солдат по городу» билерін шебер орындап берді. Сəтбаев қаласының Құрметті азаматтары мен ардагерлерден құралған «Сатпаевские зори» хоры отты жылдар əндерінен попурри тарту етті.

Қариялар біресе күліп, біресе көздеріне жас алды. Олар дастархан басында өткен күнді ойға оралтып, бейбітшілік үшін қаншама адам майданда қаза тапқанын, бауырларын жоғалтқанын айтып өтті. Осынау бейбіт күнді, ұрпақ қызығын көре алмай кеткен боздақтарды еске алды. Бірінбірі сөзсіз түсінетін замандастар «Асыл Мұрада» өткен жарқын жүздесуден үлкен əсер алды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.