Өркениетке бағытталған қадам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын графикасына көшу мәселесі күн тәртібіне қойылғаны белгілі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл алға жылжуымызға, жаңа заман талабына сай өркендеуімізге, болашақта жан-жақты дамуымызға үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуы кезінде қолданыстағы артық, кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан мұны болашақ үшін жасалған маңызды іс деп тануымыз керек.

Туыстас халықтардың ынтымақтастығынан ешкім ұтылмайды. Латын графикасына көшу – түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетін маңызды факторлардың бірі. Тәуелсіз елімізді сипаттайтын ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыру мақсатында іске асырылып отыр. Өркениетке жету жолында барша ел болып жұмылып, ұлттық бірлікті сақтай отырып, діттеген мақсатқа сенімді қадам басу керек деп ойлаймын. Тәуелсіз елде, кең байтақ жерде ана тілінде сөйлеп, дінін, ділін сақтаған ұлтымыз жаңа әліпбимен жаңа белестерді бағындырады деген сенімдемін.

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тіл – мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі екендігі анық.

Г.ЖАЗЫҚБАЕВА,
өлкетану бөлімінің
кітапханашысы.

Комментарии закрыты.