Сәтбаевта сақтық шаралары күшейтілді

Әлемді шарпыған індет Қазақстанға да жетті. Осыған орай Сәтбаев қаласы сақтық шараларын күшейтті. Елімізде індетке қарсы карантин жарияланған күннен бастап, қала әкімдігі жергілікті тұрғындарға індеттен сақтану жолдарын қатаң қадағалап, үйден беймезгіл шықпауға кеңес беріп, оны әлеуметтік желілер мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуды бастап кетті.

Жолаушылар қатаң бақылауда

Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гауһар Жалмурзинаның сөзіне қарағанда, аймағымызда қазіргі таңда коронавирус жұқтыру дерегі жоқ. Десе де, коронавирус жұқпасы тіркелген жағдайда Сәтбаев қаласындағы медициналық мекемелер тиісті шаралар қолдануға дайын. Олар медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Солай екен деп қол қусырып қарап отырған да жоқ. Бүгінде аймақта сақтық шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Әсіресе, қанаттас жатқан қос қалаға еліміздің өзге аймақтарынан келетін жолаушылар қатаң бақылаудан өтуде. Ол үшін қарағанды – Жезқазған және Қызылорда – Жезқазған күрежолдарына арнайы бекеттер орнатылған. Сондай-ақ, әуежей мен теміржол және автобус сапаржайларында мамандандырылған арнайы бригадалар жұмыс істейді. Олар жолаушыларды қалаға тексеріп барып жібереді.

– Бұл шара елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бері қолға алынған еді. Ал, 21 наурыздан бастап мен де сол бригадамен бірге әуежайда, теміржол вокзалында жолаушыларды бақылауға, тексеруге қатысудамын. Мен Сәтбаев қаласына келген жолаушыларды бақылап отырамын. Осы 21-24 наурыз аралығында біздің кеншілер қаласына өзге аймақтардан 200 адам келді. Олардың 15-і балалар. Келген жолаушылардың арасында коронавиру жұқтырғандар болған жоқ. Десек те, біз келген жолаушылардың деректерін олар тіркелген Отбасылық дәрігерлік орталықтар мен емханаларға жібердік. Ендігі жерде олар сол емдеу орындарының бақылауында болады, – дейді Гауһар Шәріпқызы бізбен әңгімесінде.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қаламызда сақтық шаралары бір мұнымен ғана шектеліп отырған жоқ. Бүгінгі күні қала көшелері мен сауда орындарында да бақылау күшейтілген. Рейдтер жүргізіліп, карантин талаптарын бұзушылық жағдайы анықталғандарға шаралар да қолданылып жатыр екен. Атап айтқанда, өткен аптада қалада жүргізілген рейдтің қорытындысы бойынша 8 хаттама толтырылып, оның алтауы сотқа жіберілген. Көбіне қомақты көлемдегі қаржылай айыппұл салынған. Тіпті 10-15 күнге қамауға алынғандар да бар. Бұл азаматтар дүкендерде санитарлық талаптарды орындамай, салғырттық танытқанның салдарын көріп отыр.

Мешітте маска тігілуде

Еліміздің өзге де аймақтарындағыдай кеншілер қаласындағы мешіттер індеттің алдын алу және сақтық шараларын күшейтуге өздерінің үлестерін қосуда. Осы орайда Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің қызметкерлері масқа тігіп таратуды қолға алды.

– Жұқпалы індеттің зардабы ауыр екенін біліп отырмыз. Одан қорғануға сеп болар жоба туралы естіп, одан шет қала алмадық. Бұл – қоғам үшін пайдалы іс. Сол себептен, біз де өз үлесімді қосқымыз келді, – деді аталмыш мешіттің имамы Ғалымжан Рахимбеков.

Бүгінде мешіттің асханасында қызмет ететін қыз-келіншектер қалақ пен ожауды тігін машинкасына алмастырып, іс тігуге кіріскен. Ал, маска тігуге қажетті материалдар мешіт қорының қаржысына алынуда. Жалпы, бұл іске мешіттің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Жұмабай Бәйтіков басшылық жасауда.

Мешіт қызметкерлерінің бұл бастамасын қала әкімдігі де қолдап отыр. Олар дайын маскаларды тарату үшін қала жастарын тартуға ықпал етуде.

Мәдениет қызметкерлері ел ортасында

Осы жолы олар жұртшылықтың көңілін ән-күймен емес, өздерінің қолдарымен тіккен маскаларды тарату арқылы көтеріп жүр. Бұл іспен Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының жұмыскерлері мен қолөнер мамандары айналысуда.

– «Сақтықта қорлық жоқ», дейді дана халқымыз. Әлемді жайлаған мына жұқпалы індеттен жақындарымыздың һәм өзіміздің саулығымызды сақтау үшін ең әуелі сақтық шараларын өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін көшеде маска киіп жүру сияқты қарапайым қағиданы бұлжытпай орындағанымыз жөн. Сол қағиданы орындау үшін елді қажетті маскамен қамтамасыз етуге біздің мәдениет саласының қызметкерлері де үлес қосуды қолға алды, – дейді Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының директоры Динара Ширекбаева.

Қала әкімдігінің қолдауымен қайырымды істі бастаған мәдениет қызметкерлері соңғы екі күннің ішінде 200 данадан астам маска тігіп, оны еріктілер арқылы елге таратып жатты.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.