Коронавирус: талап пен тәртіп

Ел «Тәжтажал» деп айдар таққан Covid-19 вирусы төрт айдың ішінде төрткүл дүниеге тарап, әлемнің 200-ге жуық елі індеттің ілмегіне ілінді. 31 наурызда коронавирус жұқтыр-ған адамдардың жалпы саны 722 289 адамға жетті. Ауруды жұқтырғандар саны бойынша АҚШ – бірінші орында, екінші орында – Италия, одан кейін Қытай тұр.

ТМД елдерінің ішінде бұл тізімге Қазақстаннан басқа Украина (475), Армения (424), Әзірбайжан (209), Өзбекстан (144), Беларусь (94), Қырғызстан (84) да енген. Қазақстанда 31 наурызда 294 адам коронавирус жұқтырған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда Covid-19-дың әлемдік індет деңгейіне жеткендігін жариялап, ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебреисус әлем халқын жұдырықтай жұмылып оның алдын алуға шақырды. Осыдан бастап әр ел өз аумағында төтенше жағдай жариялады. Карантин орнатты.

Бұл вирустың ерекшелігі – ол жануардан адамға мутация нәтижесінде жұғу қабілетін игерген. Яғни, вирустың өзгерген түрі. Біздің организмнің оған қарсы иммунитеті қалыптаспаған. Кеңінен тарап жатқаны сондықтан. Және басқа таныс вирустан тағы бір ерекшелігі – өлім көрсеткіші жоғары. 3 процентке жетеді. Барлық мемлекеттердің дабыл қағып жатқанына сол себеп.

Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан ажырату. Инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатпай, оны жеңу мүмкін емес. Соны бірден түсіну қажет. Біздің қателігіміз – осы қарапайым қағидаларға жүрдім-бардым қарап, селқостық танытудамыз. Осылайша індеттің ішімізге дендеп енуіне мүмкіндік жасап отырмыз.

Не істеу керек? Жасыратыны жоқ, біз дерттің күшін менсінбей, ол кәдімгі тұмау сияқты екен деп проблеманы сезбей отырмыз. Қанша десек те, бұл – өте қауіпті дерт. Сақтықта қорлық жоқ емес пе? Соны ескерген жөн. Ең бастысы, елмен араласуды азайту керек. Карантин қатаң тәртіпті және бағынуды талап етеді. Инфекция адамның салт-дәстүрін жағалап жүретінін ұмытпау керек. Неғұрлым халық арасында қол беріп амандасу, жиналып отырып бірге тамақтану, ойын-сауыққа көп көңіл бөлу, жиі той жасау сияқты дәстүрлерді жалғастырған сайын вирустың тарауына да шексіз жол ашылады. Сондықтан, біз күнделікті әдеттерімізді қайта қарастыруымыз керек. Қазір не көп? Той көп. Шілдехана, Тұсаукесер, Сүндет той, Тілашар деп жас баланың өскенше жанын қоймай тойлай береміз. Соны тоқтату керек. Уақытша болса да. Олай етпесек, эпидемияны ауыз-дықтау қиын болады. Өйткені, бетін ары қылсын, тойда тараған аурулардан кейін сол тайға қатысқандарды іздеу жұмысы қиын болады. Бүкіл Қазақстаннан іздейсің. Соны дұрыс түсінген жөн. Ол өмір мен өлімнің арасындағы сұрақ. Оған немқұрайлы қарауға еш болмайды.
Сонымен бірге, үйде жүкті әйелдер мен қарттар бар болса, карантин шараларын күшейткен жөн. Инфекция жұқтырмайтын жағдай жасауымыз керек. Күн сайын дене қызуын тексеріп, дер кезінде емін беріп отырған абзал. Неғұрлым ауруды ерте анықтаса, соғұрлым жазылуға жағдай жасалады, дейді мамандар. Естен шығармайық соны.
Келіндеріңіз бен қыздарыңызды, жалпы балаларыңызды да қадағалаңыздар. Далаға көп шықпасын. Әсіресе, жүкті немесе емшектегі балалары бар жас келіндер бұған аса мән бергендері жөн. Шыдау керек. Кемінде бір ай. Қиын емес қой. Әңгімелесіп, бала тәрбиелеп, бала-шағамен шәй ішіп отыратын заман келді. Бірге болайық, ағайын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.