Халықаралық фестивальдан жүлделі оралды

Өткен сенбі күні қалалық мəслихат хатшысы С.Имамбай, қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің əдіскері М.Естиярова мен Весовая елді-мекеніндегі балалар мен жасөспірімдер музыка мектебінің ұстаздары мен ата-аналары екі оқушысын Қарағанды-Жезқазған бағытындағы пойыздан күтіп алды.

Қазан қаласында Татарстан мемлекетінің Білім жəне ғылым Министрлігі, «Виктория» балалардың өнерін қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен ІІІ «Виктория» Халықаралық балалар өнер фестивалінен осы музыка мектебінің тəрбиеленушілері Разия Кузиева 4 дəрежелі дипломмен, ал Оля Низамединова 3 дəрежелі дипломмен оралды. Оларды музыка мектебінің басшысы Татьяна Янке мен балалардың жетекшілері Любовь Сазанбекова бастап барды.

Сəуір айының 27 -і мен мамыр айының 1-і аралығында өткен Халықаралық дəрежедегі фестивальға Ақтөбе, Кентау, Алматы жəне біздің қаланың кішкентай өнерпаздары ТМД елдерінен келген балғындармен қатар бақ сынасты.

– Байқау мен үшін оңай болмады. Өйткені, Марокконың, сондайақ, Ресей Федерациясының өнердің майын ішкен марқасқалары қазылық етті. Алайда, үкілі үмітпен жіберген ұстаздарымызды, ата-аналарымызды, достарымызды ұятқа қалдырмауға тырыстық.

Бойымыздағы өнердің кішкене болса да ұшқынын жарқырата көрсетуге көп мүмкіндік жасаған музыка мектебінің ұстаздарына, оның ішінде жетекшіміз əрі мектеп басшысы Татьяна Янкеге алғысымыз шексіз. Байқауға қатысып келуімізге көптенкөп мүмкіндік жасаған қала əкімі Батырлан Ахметовке, қалалық мəслихат хатшысы Серік Имамбайға, қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасыловаға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Көне тарихы бар Татарстан мемлекетінің астанасы Қазанда өткен байқау барысында экскурсия ұйымдастырылып, тарихи жерлерде болдық. Өзімізге көп достар таптық, – дейді О.Низамединова мен Р.Кузиева.

Вокзал басында қыздарының жеңісінен толқып, қуаныштарын жасыра алмаған ата-аналар да қала басшылығына, ұстаздарына алғыстарын білдіріп жатты. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас дарындардың өнерлерінің ұштала түсуіне мүмкіндік жасаған қалалық мəслихат хатшысы С.Имамбай мен қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Ш.Жанасылова «Виктория» балалардың өнерін қолдау қорының президенті В.Глазковтың алғыс хатымен марапатталды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.