Ақынын еске алды

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мəдениет қайраткері, дүлдүл ақын, жыршы, термеші Ш.Ділдебаевтың туғанына 22 сəуірде 75 жыл толды. Жырдан маржан теріп, толғауларынан тобықтай түйін түйген Шынболат ақынды еске алу кеші Кеншілер сарайында өтті. Ақын шығармашылығын ұлықтауға арналған кешке Елордамыз Астанадан «Қазақ ұлттық өнер» университетінің оқытушысы, əнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова арнайы келіп, қатысты.

Кештің шымылдығын ақын жайында түсірілген деректі фильм ашып, жиналған жұртшылық аңсап жүрген асқан үнді дауыспен бір қауышты. Шын ағаның «Шындық» термесін көзге жас ала отырып тыңдады. №15 орта мектептің оқушысы, ақынның 75 жылдығына орай ұйымдастырылған көсем сөз оқу сайысының жүлдегері Медет Əділбеков «Шарықтаудың бұрысы мен дұрысы» өлеңін оқыды.

Шынболат ақынмен өмірде де, өнерде де елу жылдан аса дос болған қаланың Құрметті азаматы Яхия Асатов досымен өткізген қимас шақтарын еске алып, оның достық пейілін, бауырмалдығын сөз етті. Досына арнаған өлең жолдарын оқыды. Ағаның ақылын тыңдап, оның салып кеткен сара жолымен жүрген «Шындық» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ақын Мұса Тілеуов, тілші Абдолла Дастанов, ақындар мектебінің жетекшісі Ғалил Жəнібеков Шын аға жайлы естеліктерімен бөлісті, арнау өлеңдерін оқыды. Белгілі жыршы Мұхамбет Қожахметов ақын ағасы көзі тірісінде сыйға беріп кеткен домбырасымен бұрын естіле қоймаған «Сыр бойына» толғауын орындады.

Кезінде Шынболат ағаның бастамасымен құрылған «Арман» ансамблінің белді мүшелері болған Мұрат, Ақбөпе Сейтеновтер ақынның өлеңіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтың «Комсомол жастарының жыры» əнін орындады.

Шын ағаның өнерінің өлмейтін тағы бір тұсы – оның ұрпақтарының ата жолын қуып, өнерін насихаттауы. Ақынның салған сара жолын лайықты ұстаймын деп тырысып жүрген немересі Айдын Шынболат кеш барысында атасының толғауларын орындағанда көптен толғаужырларға шөліркеген жұрттың құлақ құрышы бір қанды.

Одан кейін Сыр сүлейлерінің жалғасы Елмұра Жаңабергенова шығып, Арал-Қазалы аймақтарында аты аңызға айналған жыр шайырлары – Тұрмағанбет, Нұртуған, Мəшəрəп ақынның, Базар, Жаңаберген жыраудың толғауларын орындады. Сыр бойының дəстүрлі əн орындау шеберлігі мен мақамын меңгерген, кең дауысты Елмұра қыздарына деген жұртшылықтың құрметі мен қошеметі ерекше болды. Батыстың даңғырдұңғырынан құлақтары бітелген үлкендердің Елмұра əн айтқан сайын жүздері жайнап сала берді. Е.Жаңабергенова кеш барысында өзінің өнер айдынына келуіне бірденбір себепші болған Шынболат ағамен таныстығы, берген ағалық ақылы жайында сөз ете келе, «Шынболат аға өз ортасының сəні болатын.

Ашы шындықты төгіп-төгіп жіберіп, жиналған жұртты əзіл мен қалжыңға қарық қылатын. Оның маған берген көмегінің арқасында өнерде өзіндік орным бар əншіге айналдым. Бір кездері өнерде жолым болыңқырамай жүргенде демеу берген Шыңкең болатын. Əлі есімде, осы аймақта өтетін «Ұлытау үні» фестиваліне қатыстырып, бағымды жандырды. Сол үшін де Шыңкеңе мен қарыздармын», – дейді əнші. Əнші сондайақ, Астанадан қуанышты хабар жеткізді. Ұлттық өнер университеті де ақынның мұрасын насихаттау жұмыстарына көңіл бөліп отырғанын, пəн бағдарламасына «Шынболаттану» пəні енгізіліп, университеттің дəріс алушыларына ақын шығармашылығы насихатталмақ.

Елмұра бүгінде талай шəкірттің қанатын қатайтып, өнерге баулыған ұстаз екенін естіп жүрміз. Осы кеште Елмұраның шəкірттерінің бірі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, университеттің ІІІ курс студенті Əлихан Дүйсенбай да өнерімен сəтбаевтықтарды тəнті етті.

Дəстүрлі əндермен қатар, эстрадалық бағытта да əн айтатын Е.Жаңабергенова өнердің бұл қырынан да өзін жақсы танытты. Мұны халықтың ықыласы анық байқатты. Артынан өшпес із қалдырған Шынболат ақынның мол мұрасын дəріптеп, еске алу кешін ұйымдастырып жатқан ақынның жары Гүлсара Қоңырбайқызына, балалары мен немерелеріне алғысын, ал, Астанадан арнайы келген Елмұра Жаңабергеноваға қазақтың төл өнері – дəстүрлі əндерді кейінгі буынға насихаттаудағы өлшеусіз еңбегіне ризашылығын қала əкімінің орынбасары Марал Мəдиева білдіріп, еңбегіне табыс тіледі.

Есімі елінің құрметіне бөленген ардақты əкесі жайлы қызы Ғайша кеш соңында естелігін айта келе, көпшілікке ризашылығын білдірді.

Бүгінде шындық деген ұғым мен Шынболат есімі қатар аталады. Бұл заңды да. Шындықты шырқатып, шындық арқылы елінің құрметіне ие болған өнер иесінің келер буындардың да аузында жүреріне сенім мол.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.