Ғасыр ғұламасы

Салауатты тұлғаның азаматтық болмысын болмашы бір ісіне қарап-ақ аңдауға болады. Тіпті, оның суретінен-ақ біраз сырды ұғар едіңіз. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдарда түскен суреті көп. Көбісінде күлімсіреп түскен. Көркем кісі. Жүрегі таза, жаны жайсаң екенін суретінің өзі-ақ айтып тұрғандай…

Мына бІр суреттегі бейнесі тым ыстық тартады. Үстінде жұмыс киімі, аяғында керзі етік. Осы қалпымен Қазақстанды шарлап, маржан іздеді. Жезқазғанды, Қарсақбайды ашты. Осыдан бес ғасыр бұрын казақ даласында металл қорытылғанын дәлелдеді.

Қазақстанда Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көзі түспеген, жәрдемі тимеген өңір де, өндіріс саласы да жоқ екені баршаға мәлім. Қанекеңнің Батыс аймақты дамытқан, әсіресе, мұнай-газ корын іздеп, табуға, игеруге қосқан баға жетпес еселі еңбегін жұртшылық жақсы біледі.

Канекең ашқан байлық Қазақстанды әлі күнге асырап келеді. Бұл туралы әңгіме сарқылмас қазынадай. Ал, бүгінгі айтпағымыз Ұлы адамның ел алдында «ұлық болсаң кішік бол» деген қағиданы бұлжытпай ұстауы. Кейінгі ұрпақ содан үйренсе, сондай кішіпейілділік касиеттерді бойына сіңіріп өссе деген ой. Осы мақсатта дара тұлға туралы ел аузында айтылып журген әңгімелерді тағы бір жаңғыртуды жөн көріп отырмыз.

Қанекең туралы әңгіме қозғалғанда Қарсақбайға соқпай кету әсте мүмкін емес. Өйткені, дара тұлғаның алғашқы еңбек жолы осы қарашаңырақта басталды. Бүгінде сол ғұламамен бірге еңбек еткен адамдар некен-саяқ болса да кездеседі. Олардың өзі болмаса да көзіндей болған жақындарының әңгімесі бізге естелік іспетті. Сондай әңгімені Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» (қазіргі «Ұлытау» газеті – авт.) газетінде қызмет етіп жүргенімде Шәкәрман Шайгөзов ағамыздан естіп едім. Шәкеңнің жамағайын туыстарының бірі Қанекеңнің қарамағында жұмыс істеп, талай рет шапағатын көрсе керек. Тіпті, қарапайымдылығының өзі кез келген адамның бойынан табыла бермейтін дейді. Сол, Шәкең марқұм айтқан әңгіменің бірі мынау.

Түнгі ауысымнан шыққан қыр қазағы (есімін ұмытыппын) насыбайы таусылып қатты қиналса керек. Ал, бір атым насыбай үшін бүлінетін қазекеме бұл оңай шаруа емес. Түн ортасы ауғанда кімнің терезесін қағарын білмей, қипалақтап келе жатып, Қанекеңнің қоржын үйінің тұсына келеді. Үйдің жанынан өтіп бара жатып терезедегі жылтыраған май шамның жарығын байқап қалады. Қалт тоқтай қалып не барарын, не бармасын білмей, екіұдай күй кешеді. Барайын десе бір шөкім насыбай үшін үлкен кісіні мазалағаны ұят, ал бармайын десе әлгі құрғыр өлтіріп барады. Ақыры есігін кағады. Қанекең әлі ұйықтамаған екен, есік ашады. Сасып калған ол «ассалау…» деп от пен жалынға ысталған, күйелеш-күйелеш қолын ұсына береді.

Қанекең де жатсынбай, жатырқамай, қол алып амандасып, төрге шақырады. Өзі арқасы жоқ орындыққа отырып «қонағына» сықырлауық керуетті нұсқайды.

– Ал, жарқыным, түн ішінде жәй жүрген жоқ шығарсың, бұйымтайыңды айта отыр, – дейді жымиып.

Қысылған қыр қазағы әбден терлеп, бет аузы тіптен күйелеш-күйе-
леш болып шыға келеді. Әйтсе де сайын даланың сардардай ұланы емес пе, самайынан аққан терді алақанымен сылып тастап:

– Қанеке, насыбайым таусылып қалып, мәңгіріп келе жатып сіздікіне кіріп кеттім. Айып етпесеңіз бір атым насыбай беріңізші, – деп күректей алақанын жайса керек. Сонда Канекең оның албырттығына риза болып рахаттана күліп:

– Сендей алыптардан бір атым түгілі, бір шақша насыбайды да аяуға болмайды. Мә, бір рахаттан, – деп темір керуеттің астынан бір шиша насыбай алып шығып, алақанына үйіп салып беріпті. Онысымен қоймай:

– Келгенің қандай жақсы болды, Бір сергітіп тастадың. Ешқашан қысылып, қымсынбай келіп тұрыңдар. Сендердің жоқтарыңды тауып, жыртықтарыңды жамамасам мен мұнда несіне отырмын, – деген екен.

Неткен көрегенділік! Мұндай әңгімелер ел ішінде, әрине, аз емес.

Комментарии закрыты.