Тазалық тәртібін бұзғандарға да шара бар

Жуырда Елбасы Н.Ə.Назарбаев тəртіпті күшейтіп, қалаларды ластағандарды əкімшілік жазаға тарту керектігін айтқан болатын. Осыған орай, қаланы абаттандыру жəне санитарлық тазалық ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында мамыр айының аралығында рейд өтті.

10 мамыр күнгі рейдке Сəтбаев қаласы əкімдігінің, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, жергілікті БАҚ пен ішкі істер бөлімінің өкілдері қатысты. Адамдар көп шоғырланатын жердің бірі – Кеншілер алаңына барғанымызда ішімдікке тойып алған екі ер адамды көрдік. Оның біреуі естүссіз орындықта ұйықтап жатса, екіншісі бүлдіршіндердің арасында емінеркін шайқалып жүрді.

Полиция қызметкерлері ұйықтап жатқан азаматты оятып, үйіне жібергеннен əріге бармады. Одан əрі Комаров көшесі мен ак.Қ.Сəтбаев даңғылы бойында орналасқан үйлерді аралау барысында көптеген кемшіліктер табылды. Көшеде шемішке шаққан, сағыз, темекі жəне тағы басқа қоқыс қалдықтарын тастап жатқандар көптеп кездесті. Алайда, алғашқы күні рейдке шыққан учаскелік инспектор Д.Сайдалинов оларды ұстап, тіркеп, хаттама толтырудың орнына бір-екі ауыз сөз айтарайтпастан жіберіп жатты. Учаскелік инспектордың көмекшісі Т.Умаров болса, бірнеше қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, олар құқық қорғау қызметкерлері кеткеннен кейін, əрі қарай шемішкелерін шағып, темекі тартуын жалғастырды. Əрине, рейд мүшелерінің берген мұндай ауызша «жазасының» күші əлсіз екені белгілі.

Елбасының берген тапсырмасына сəйкес көшені ластағандарға ірі көлемде айыппұл салынуы, əкімшілік жазаға тартылуы, кейбіреулері тіпті 10-15 тəулікке дейін қамалуы тиіс. Сонымен қатар, Н.Назарбаев өз сөзінде «қаладағы ұсақтүйек қылмысты қалт жібермей қадағалаған кезде тəртіп орнатылып, қылмыс болмайды» деп ескерткен болатын. Дегенмен, учаскелік инспекторлардың айтуы бойынша, олардың мұндай ұсақтүйек жұмыспен айналысуға уақыттары жоқ.

Ал, 15 мамыр күні рейдке шыққандар Елбасының берген тапсырмасы жөнінде өзгеше пікірде болды. Сол күні қала тазалығын тексеруге əкім орынбасары Қ.Шайжанов, қалалық мəслихаттың депутаттары Т.Хмилярчук пен С.Орал, ІІБ бастығының орынбасары Б.Каримов шықты.

Əдеттегідей, рейд Кеншілер алаңынан басталды. Онда ішімдік ішіп отырған төрт ер азамат ұсталды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Комаров көшесі 15 үйдің алдынан өтіп бара жатқанымызда сыра ішіп, шемішке шағып отырған үш қазақ жігітін кездестірдік. Өздерінің бұл істерін олар «жұмыстан шығып, демалып отырған едік» деп түсіндірді. Учаскелік инспекторлар оларға да əкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салып кетті.

Рейд барысында Ұлытау көшесіндегі саяжолда мас күйінде отырған бір əйел мен төрт ер адамды жолықтырдық. ІІБ қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, балағаттағаны үшін олардың біреуіне əкімшілік хаттама толтырылды да, барлығы полиция бөлімшесіне жіберілді. Одан əрі Бұлқышев көшесінің бойын тексеру кезінде бір тұрғынға арба толы қоқысты жол бойына тастағаны үшін ескерту жасалды.

Басшылықтың тікелей қатысуымен өткендіктен болар, 15 мамырдағы рейд өте нəтижелі болды. Бұл күні қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қоғамдық орында тəртіп бұзғандарға хаттама толтырылып, айыппұл салынды, тіпті қамауға алынғандар да болды.

Қысқасы, барлығы өзіне тиісті жазаларын алды. Алдағы рейдтер осылай жоғары деңгейде өтсе, қаламыз бір тазарып қалар еді. Айта кететін жайт, 12 мамыр күнгі рейд белгісіз себептермен болған жоқ.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.