Қала аумағына шектеулер енгізілді

Ел аумағында коронавирустың таралу географиясы кеңеюде. Облысымызда аталмыш індетті жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты 7 сәуірден бастап карантиндік режим енгізілгені белгілі. Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылдың 5 сәуіріндегі №10 қаулысына орай қаламызда бірнеше шектеулер енгізілді.

«Ақшам» телеарнасының баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Жалмурзина орындалуы тиісті міндеттермен таныстырды.

Азаматтардың үйінен шығуы, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді сатып алу, жұмысқа баруы және банктік операцияларды жасауы мейлінше шектелмек. Сауда, дәріхана объектілеріне барғанда және қоғамдық көлікті пайдаланғанда, жұмыс орнында екі метрден кем емес арақашықтық сақталуы тиіс. Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (түшкіру, жөтелу, температура) білінгенде медициналық ұйымдарға бармастан, 103 номері арқылы жедел медициналық көмекті шақырту керек. Көшеде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық (отбасы мүшелерін қоспағанда) жиналуға тыйым салынады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынып, 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға шектеу қойылды. Жерлеу рәсімін өткізу кезінде екі метрден кем емес арақашықтықты сақтай отырып, 10-нан артық адамның жиналуына жол берілмеуі керек. Гаухар Шәріпқызы сонымен қатар, үй ішін таза ұстап, есік тұтқасын залалсыздандырып, ауасын тазартып тұру жөнінде тапсырма берді.

Қазіргі күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын төмендету.

Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы М.Бапов әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 9-на шектік баға қойылғанын атап кетті. Айтуынша, бидай ұнының келісі 140, макарон өнімдері 215, қарақұмық 320, күріш 297, сиыр еті 1898 теңгеден, күнбағыс майының литрі 395 теңгеден, 1-ші категориялы жұмыртқа 310 теңгеден сатылмақ. Азық-түлік дүкен иелеріне осы қойылған бағаны сақтамай, шағым түскен жағдайда айыппұл салынады.

Мамандардың айтуынша, ведомоство аясында қазірдің өзінде жұмыстар жан-жақты жүріп жатыр. Бұдан кейін рейдтік шаралар басталмақ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.