Аты аңызға айналған

Біздің жерлесіміз Жақсымбек Үншібаевты Ұлы Отан соғысының Қаһарманы деп айтуға əбден болады. Қазіргі кезде ерекше ерлік көрсеткен ерлерге Халық Қаһарманы атағы беріледі ғой. Ал, сол сұрапыл соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілетін. Сол кезде осы жоғары атақпен парапар тағы бір атақ болды. Ол – Даңқ орденінің толық кавалері. Жақсымбек аға 1943-45 жылдар аралығында осы Даңқ орденінің үш дəрежесіне ие болды.

Старшина Үншібаевтың ерлігін оның майдандас досы, жазушы Микола Рудь 1988 жылы украин тілінде шыққан «Убрід через Грон» («Грон арқылы өткел») атты романында келтірген жəне ол романды Жақсымбек ағаға өзінің қолтаңбасымен сыйға тартқан.

Жақсымбек Төлеуұлы өз тарапынан өзіне ыстық бұл романды жəне оның орысша аудармасы шыққан «Радуга» журналының екі нөмерін «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің тарихи-өндірістік мұражайына табыс еткен көрінеді. Бұл жөнінде осы мұражайдың директоры Сүтемген Бүкіров аға 1989 жылы облыстық «Джезказганская правда» газетінде жазған еді.

Ал, Жақсымбек Үншібаевтың «Даңқ» орденінің үш дəрежесін қандай шайқастарда жəне қандай ерліктері үшін алды екен?

Ж.Үншібаев қан майданға 1941 жылдың желтоқсан айында аттанды. 1941-42 жылдары Воронеж, Степной майдандарында соғысты. 1943-жылдан 2,3 Украин майдандарында Кеңес Одағының, Европаның жерлерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Ұрыстарда үш рет жарақат алды.

1943 жылдың 18 желтоқсанында Кривой Рог қаласының маңында қантөгіс ұрыс болды. Гвардия аға сержанты Үншібаевтың минометшілер бөлімшесі осы ұрыста жаудың екі автокөлігі мен екі взвод жаяу əскерінің көзін жойды. Бұл ұрыстағы көрсеткен ерлігі үшін Ж.Үншібаевқа үшінші дəрежелі Даңқ ордені берілді.

Осыдан екі айдан кейін Украина жерінде бірнеше жеңілістен кейін жау қайта шаубылға шықты. Жаяу əскерлерді танктер мен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар қолдап, біздің əскерлердің шебіне кірді. Осындай қысылтаяң кезде гвардия старшина Үншібаевтың жауынгерлері ерекше ерлік көрсетіп, жауды тоқтата алды. Осы ұрыста Жақсымбек аға ауыр жарақат алды. Аталған ұрыстағы ерлігі үшін старшина Үншібаев екінші дəрежелі «Даңқ» орденімен аталып өтілді.

Майдандастарының қатарына Жақсымбек Үншібаев 1944 жылдың қазан айында госпиталдьдан айығып шыққаннан кейін қосылды. Ол барлаушылардың взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалды.

Өзінің кезекті ерлігін старшина Үншібаев 1945 жылдың 17-ақпанында Чехословакия жерінде жасады. Микола Рудь өз романында Грон өзенінің жағалауында болған кескілескен ұрысты жазады. Немістердің қоршауға түскен 188 əскері бар тобы жанталаса қоршаудан шығуға тырысып жатты. 17 ақпанда жау ақтық шабуылға шықты. Үншібаевтың барлаушылар тобы осы ұрыста жаудың екі жүзге таяу əскерін құртты, 17-сін тұтқынға алды.

Ұлы Отан соғысының соңғы бір ұрыстарында көрсеткен осы ерлігі үшін ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен гвардия старшина Жақсымбек Үншібаев бірінші дəрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Грон өзенінің бойында болған шайқасқа байланысты бір қызық оқиға болған. Ол Жақсымбек ағаға қатысты еді. Сол ұрыстан кейін біздің барлаушылар бірнеше немісті қолға түсірді дедік қой. Солардың біреуі гаупштурмфюрер шеніндегі неміс офицері тұтқында аудармашыларға «маған көзі сықсиған бір старшина шүйліге берді, қатты балағаттады» деп шағымданады. Сөйтсе, оны тұтқындаған Үншібаев екен. Неміс қолындағы құжаттарды көрсетіп, «Бисмарк, Бисмарк» деп айқайлай береді (Ал, неміс атақты канцлер Бисмарктың тұқымынан шыққан барон екен). Үншібаевқа «Бисмарк» сөзі «бесбармақ, бесбармақ» деп естіле береді де, «өй, атаңа нəлет, бесбармақтан генералдар да қашпайды, неменеге бақыра бересің, етті есіме түсіріп» деп, жұдырықтап та алған болар. Міне, намысшыл қазақ ері немістің баронын осылай сабасына түсіріпті. Бұл оқиға сол Микола Рудьтің романында келтіріледі… Əрине, майданда талай қызықты да, қайғылы да сəттер болады… Егер қазір Жақсымбек аға арамызда болғанда, соларды айтып отырар еді. Ол кісі ортамыздан 1993 жылы кетті. Бірақ, ер есімі – ел есінде, ештеңе де, ешкім де ұмытылмайды. Сондықтан, бүгін де қазақтың қаһарманы, «Даңқ» орденінің толық кавалері, Жеңіс жауынгері Жақсымбек Үншібаевты еске алып отырмыз.

Мəди ƏЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.