Марат БАПОВ, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖҮРІП ЖАТЫР»

Короновирустық инфекцияның пайда болуына және таралуына жол бермеу мақсатында қаламызда арнайы комиссия құрылып, қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Баповтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі. Үкімет азаматтарды азық-түлікпен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша коронавирусқа байланысты арнайы алдын алу шараларын іске асыруға кіріскен. Ал, бұл шара біздің шаһарда қалай жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, қазіргі күрделі уақытта қалада кәсіпкерлік қалай дамуда? Бөлім басшысымен әңгіме осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

Азық-түлік қоры жеткілікті

– Барлық өнім бойынша тауар қоры халық сұранысын толық өтейді. Тапшылық қаупі жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық сауда объектілері: қала аумағындағы азық-түлік дүкендері, супермаркеттер және азық-түлік базарлары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істейтін болады.

Төтенше жағдай кезінде біздің алдымызда екі басты міндет тұр. Біріншіден, қала тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарларының қажетті қоры болуы тиіс. Екіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеуіміз керек, – деді Марат Тұрсынұлы.

Бүгінде қала азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етілген. Бөлшек саудада өнімді жеткізуде іркілістер жоқ. Сауда-саттық тұрақты режимде жүріп жатыр. Тіпті халыққа қолайлы болу үшін онлайн сауда да ұйымдастырылған.

– Қаланың әлеуметтік дүкендерінің Online картасы әзірленіп, әрекет етуде. Онда дүкен туралы қысқаша ақпарат пен әлеуметтік маңызы бар заттар мен азық-түліктің 19 атауы бойынша бағалар көрсетілген. Тізімге 10 сауда орны кірді («Акцент» және «Самади» супермаркеттері, «Ғалиябану», «Таға», «Нұртай» дүкендерінің сауда желілері). Бұл тізім ақырғы емес және кеңейтілетін болады. Өткізілетін өнім туралы ақпарат аптасына екі рет жаңартылады, – дейді бөлім басшысы.

Баға бақылауда

Бөлім басшысы Марат Баповтың айтуынша, бүгінгі күннің тағы бір басты мәселесі – бағаны тұрақтандыру. Бұл бағытта да жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Ең бастысы – баға бақылауда.

– Жыл басынан бері тұрақтандыру қорынан 1 тонна күріш, 1 тонна қарақұмық және 500 литр күнбағыс майын жеткізу ұйымдастырылды. Облыстың тұрақтандыру қорынан екі рет 25 тоннадан картоп әкелінді. Оның 1 келісі қаламызда 90 теңгеден сатылды, бұл статистикалық деректер деңгейінен 12 процент төмен (103 теңге/кг) және орташа облыстық көрсеткіштен 14,5 процент төмен (105 теңге/кг). Өнім жеке кәсіпкер Л.Жолдасбаеваның сауда нүктелерінде (Нұртай дүкені, «Алматы» сауда үйі) сатылды. Сәуір айында тағы 50 тонна картоп, 1 тонна күнбағыс майын алып, сату жоспарлануда.

Үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде облыстық тұрақтандыру қорынан төмендегі көлемдерде бөлу үшін Сәтбаев қаласындағы әлеуметтік маңызы бар заттар мен азық-түлік қажеттілігі туралы ақпарат жіберілді. Атап айтқанда:

 картоп 98,6 тонна;
 сәбіз 25,2 тонна;
 жуа 25,2 тонна;
 қырыққабат 19,7 тонна;
 қарақұмық жармасы 19,7 тонна;
 өңделген күріш 19,7 тонна;
 қант 164,5 тонна;
 күнбағыс майы 18,7 тонна;
 1 сұрыпты бидай ұны 65,7 тонна.

Қаланың азық-түлік дүкендерінің барлық иелерімен Ұлттық экономика министрлігі, ауыл шаруашылығы және сауда министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген 9 әлеуметтік маңызы бар заттар мен азық-түлік түрлері бойынша рұқсат етілген шекті бағаларды сақтау бойынша шаралар пысықталды, – дейді Марат Бапов.

Бірқатар нысандар ашылады

– Президент пен Үкіметтің нақтылы қолдауы мен көмегінің арқасында елде кәсіпкерлік саласында тосқауыл болмақ емес. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де бұл бағытта тәп-тәуір жұмыстар қолға алынып жатыр. Оны өз қаламыздан да айқын аңғаруға болады, – дейді Марат Тұрсынұлы бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, таяу уақытта қалада әлеуметтік бағыттағы азық-түлік дүкендерінің саны артпақ. «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен кеншілер шаһарында 10 «UlyDala» әлеуметтік павильонының құрылысы жүзеге асырылуда, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік түрлерін сату төмендетілген бағамен жүзеге асырылады. 40 жұмыс орны ашылады. Нысандардың басым бөлігі ағымдағы жылдың мамыр айында іске қосылады.
Сонымен қатар, «Чараев С.В.» ЖК супермаркеті де іске қосылады деп күтілуде. Осы супермаркет аумағына апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі де өтіп тұратын болады.

– Үстіміздегі жылы тамақ өнімдерін өндіру және қайта өңдеу нысандарын ашу да жоспарда бар. Нақтырақ айтар болсам, 2020 жылы екі әлеуметтік маңызды жоба іске қосылады. Оның бірі «Құс етін қайта өңдеу мақсатында сою цехы». «Ахтямов» ШҚ ашатын бұл нысанда 50-ден астам жұмыс орны құрылады. Жоба аясында тоқтап тұрған шұжық цехы сою цехына қайта жабдықталатын болады.
Сондай-ақ, Кеңгір ауылында бройлер бағытындағы құс фермасы салынады. Аталмыш жоба «Қарапайым заттар экономикасы және «БЖК 2020» бағдарламасының қаражаты есебінен іске асырылуда. Қазіргі уақытта цехта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Цехқа қажетті құрал-жабдықтарды Польшадан әкелуге тапсырыс берілді. Жоба ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарлануда.

Екінші бір ірі жоба – «Көкөніс қоймасы бар жылыжай шаруашылығы». «Мухатова» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі бұл нысан жаңадан 15 жұмыс орнын ашады. Көкөніс сақтау қоймасы 500 шаршы метр, 660 тонна көкөніс сақтауға есептелген. Жоба аясында қияр, қызанақ, баклажан және жасыл жуа, шөптер өсірілетін болады, – дейді бөлім басшысы.

Міне, індет пен дағдарыс екі жақтап қыспаққа алғанымен, қаламызда тұрғындарды әлеуметтік қолдау, ірі жобаларды жүзеге асыру осылайша жүргізіліп жатыр. Бұл елдің қазіргі күдігін сейілтіп, ертеңге деген сенімін арттыруға септігін тигізуде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.