Депутаттар көмек қолын созды

Еліміздің барлық аймақтарындағыдай Nur Otan партиясы Сәтбаев қалалық филиалы коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында «Біз біргеміз!» республикалық акциясын бастады. Осы акция аясында кеншілер қаласының депутаттар корпусы қаламыздағы мұқтаж жандарды азық-түлікпен және санитарлық құралдармен қамтамасыз етуге үлес қоспақ.

Акцияны ұйымдастыру барысында Nur Otan партиясы қалалық филиалы қамқорлыққа мұқтаж жиырмадан астам азаматтың тізімін жасақтады. Бұл тұрғындарға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және бірінші кезекте қажетті азық-түлік тапсырылып жатыр. Қайырымдылық шарасы сәрсенбі күні басталды. Бұл күні партия филиалы өздерінің ізбасарлары – Жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп 5 үйде болып, көмек қолын созды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде «Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отыр-мыз. Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қолұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық», – деген болатын. Кеншілер қаласының депутаттары да Президенттің осы үндеуіне өз істерімен жауап беруге бел буа кірісті. Қазір еліміздің барлық аймақтарында «Біз біргеміз!» республикалық акциясы жүріп жатыр. Біздің қалалық филиал да осы акцияға қосылды. Біз халықпен біргеміз, – дейді Nur Otan партиясы Сәтбаев қалалық филиалының кеңесшісі Ершат Әубәкіров.

Филиал кеңесшісінің айтуынша, қайырымдылық шараға қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы ұйытқы болыпты. Олар өз айлықтарының есебінен қаржы жинап, қажетті заттар жиынтығын жасаған.

Орайы келгенде айта кетейік, депутаттар алдағы уақытта да тұрғындарға қайырымдылық қолын созатын болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.