ТӘУБЕГЕ ТҮСІРГЕН «ТӘЖДІТАЖАЛ»

Әлемді әбігерге салған індеттің әлегін кейбіреу Қытайдан көреді. Саясатпен сабақтастыратыны да бар. Мен осыны «ниетімізден таптық» дегенге табан тіредім. Бұл – өз ойым. Қателессем, кешіріммен қара!

Төрткүл дүниені тітіркендірген «тәждітажал» төрт айдың о жақ, бұ жағында талай тасыраңды тәубесіне түсірді. Сана сілкініп, саңылауына сәуле түсті. Құдіреті күшті Құдайтағаланың алдында бай мен бағланың бірдей екенін мойындады.

Қасаң көзқарас қаусады. Бұрын толып жатқан той-томалақ түгіл құдайының өзін бәсекеге айналдырған адам бүгін жаназаға он шақты жақынын жинау қияметке айналғанын көргенде, еріксіз ойланды. Бардың бағасын білмей, ауа жайылған адамды ойландыруға карантин керек екен?!

Індетпен күрестің алдыңғы шебінде дәрігер мен полиция тұр. Екеуі бар қауіп-қатерге кеудесін тосып, алғашқысы аурумен алысып, соңғысы сап түзеп, түн қатып, тыным таппай жүр. Жайшылықта соларды сыбауға сай тұратын өзіміз төрт мезгіл тамақ ішіп, теледидар тамашалап, уақытылы ұйықтап, тым-тырыс үйде отырмыз. Жан тәтті!
Жарлықпен бекітілген мәртебесіне жөнді мән бермей жүргенде, Жаратқанием жалқы сәтте мұғалімнің қадір-қасиетін ұқтырды. Бала көбейту кестесін білмесе де басқаны күстәналауға бейім тұратын басымыз қашықтықтан оқыту қолға алынғалы ұстазбен жылап көрісер күйге жеттік.

Қайырымдылықпен қайта қауыштық. Көшеде біреу құлап жатса мойын бұрмайтын, көршіні танымайтын, туған-туыс және жақын-жұрағатпен той мен құдайыда ғана кездесетін немкеттіліктен арылып, бейтаныс біреу індеттің қармағына іліксе Жаратқаннан шипа сұрайтын, сауыққанын естісек қуанатын болдық. Көресіні көрсеткен «тәждітажал» көп нәрсеге көзді ашты.

Карантиннің де күні өтер. Үрей құрсауынан да құтылармыз. Ендігі тілек – ниет түзу, пейіл таза болсын! Алған ащы сабақ ғұ-
мырлық азыққа айналсын. Әйтпесе, құдіретті Құдайтағаланың құрығы ұзын!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.