Бақыт балалы үйге қонады

Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Ырыс пен ынтымақтың біте қайнасқан ошағы. Шаттық пен қуанышқа бөленіп жүрген отбасылар біздің арамызда да аз емес. Солардың бірі – Қаратаевтар отбасы. Алты баланы тәрбиелеп отырған жанұяның ұйытқысы Гүлзира Тезекбаева әулетте зор құрметке ие.

Мемлекет отбасыдан басталады десек, бүгінде Қаратаевтар отбасы қоғамның кірпіші ретінде қаланып, мемлекеттіктің бастапқы сатыларынан өтіп келе жатыр. Алты баланы дүниеге әкеліп, отбасы түтінін түзу ұшырып, шаңырағын шайқалтпай келе жатқан Гүлзира Тезекбаева бүгінде әулеттегі құрметті келіндер қатарында. Сонысымен-ақ маңайына сыйлы, ағайын-туысқа үлгі.

Өзі де көпбалалы отбасында дүниеге келген оның кішкентай кезінен-ақ балалы үйдің базары кетпейтінін, береке баланың былдырында екенін сана саңылауына сіңген болса керек. Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татитынын терең түйсінді. Қатарластарынан қалыспай, білім де алды. Педогикалық институттың мектепке дейінгі білім беру мамандығын меңгеріп шықты. Болашақ жары Айтжан Қаратаевпен 2001 жылы отбасын құрды. Бүгінде сол махаббат боп өрілген өмірден тараған балаларының қызығына бөленуде.

– Өмірге бала әкелу әр әйелдің арманы болса, Құдай бізге бақытты үйіп-төгіп берді. Шүкіршілік етеміз, ол құт-берекенің дарығаны деп түсінем. Әр бала өз несібесімен келеді деп жатады ғой. Қазір үлкен ұлымыз әскер сапында жүріп, Отан алдындағы борышын атқарып жатса, кішкентайымыз бір жастан енді ғана асты. Қалған ортаншылары мектеп жасында. Кішкенең шүлдірлесе, балаларың шұбырласа бұдан асқан бақыт бар ма, – дейді көпбалалы ана.

Кейіпкеріміз қазіргі қоғамдағы орын алып жатқан кей мәселелерге алаңдаушылықпен қарайтынын айтты.

– Мені қоғамдағы ана мен бала, ажырасу сынды мәселелер қатты алаңдатады. Мұның барлығы балаға соққы беретінін, тіпті болашағынан айырып жіберетінін ата-аналар түсіне білмейді. Өкінішке қарай, отбасы құндылықтары ескерусіз қалып, отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмендеп бара жатқаны ащы болса да ақиқатқа айналып отыр. Онымен қоймай, түсік жасатып, баласын қоқысқа тастайтын көкек аналардың көбейіп жатқаны көңілге кірбің түсіреді, – дейді ол.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.