Балғындар жеңісті жырлады

Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай жəне өскелең ұрпақтың бойына Отанға, халқына деген мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, патриоттыққа тəрбиелеу мақсатында №3 орта мектепте « Жеңіс жырлары» атты байқау өтті.

Бастауыш сынып оқушыларының арасында өткен қалалық мəнерлеп оқу сайысына барлығы 24 оқушы қатысты. Қалалық білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімі ұйымдастырған байқауда оқушылар Ұлы Отан соғысында алаулап от кешкен ардагер ата-əжелер, сұрапыл соғыс жылдарында қаза болған батырлар, Тəуелсіз Қазақстан мен Ұлы Жеңіс жайында өлеңдер оқыды.

Қазылар алқасының шығарған қорытындысы бойынша І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Батырлан Серікбай жеңіп алды. ІІ орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Аймира Қуаныш (суретте) пен №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Мейіржан Қойлыбаев өзара бөлісті. ІІІ орынды Аружан Молдағалиева (№2 орта мектеп), Тоғжан Жүнісбек (№7 орта мектеп) жəне Шапағат Түгелбай (№3 орта мектеп) иеленді.

Жүлделі орын алған барлық оқушыларға ұйымдастырушылар атынан Грамоталар мен сыйлықтар табысталды.

Өлеңді мəнерлеп оқу барысында ерекшеленген Сұлтан Қыпшақбаев (№27 орта мектеп), Аружан Жабаева (№19 орта мектеп), Зере Төлебаева (№10 орта мектеп) жəне Малика Серікбаева (№16 орта мектеп) Алғыс хаттармен марапатталды.

Байқауға қатысушыларды дайындап, тілдің мəдениеті мен тазалығына үйретуде, олардың бойындағы дарынды ашып, дамытуда ұстаздарының еңбегі ерекше. Солардың бірі – Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі, бірнеше жеңімпаздардың бапкері Гүлдəурен Ырзалыққызына ата-аналардың айтар алғысы зор.

М.ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.