Сот отырыстары қалай өтеді?

Төтенше жағдайға байланысты барлық сот процестері онлайн режимде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кез келген сот отырысына арнайы қосымшаны пайдалану арқылы әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға болады. Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гаухар Айтжанова бізге сот отырыстарының қазір қалай өтіп жатқаны жөнінде баяндап берді.

– Төтенше жағдайға байланысты барлық сот отырыстары онлайн режимде өткізілуде. TrueConf немесе WhatsApp месенджерінің көмегімен жұмысымыз қашықтықтан жалғасуда. Келеңсіздіктер немесе кедергілер туындап жатқан жоқ. Онлайн сот отырысына қатысушылар көп болған жағдайда ғана арнайы бағдарламалардың жұмысы тұралап қалады. Жалпылама айтқанда, мұның бұрынғы сот отырысынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Жұмысымыз тиісінше жалғасуда, – дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, онлайн сот процессі шамамен 10 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Барлығы қатысушылардың санына байланысты. Куәгерлер шақырылса, біраз уақытқа созылады. Тараптар келмей қалған жағдайда басқа күнге ауыстырылып, уақыты қысқартылады. Жазаланушы қамауға алынса уақытша изоляторға жеткізіледі.

– Ондай азаматтармен бейнеконференция арқылы байланысқа шыға аламыз. Сотталушы изоляторда болғандықтан, адвокаты да қасында болуы әбден мүмкін. Олай болмаған күнде қашықтықтан байланысқа шыға алады.

Г.Айтжанованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде онлайн сот отырысына талап-арыздарды қазпоштаға немесе соттың электронды поштасына қалдыруға болады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.