Əке – тəрбие тамыршысы

Анамыз – ардағымыз, əкеміз – асқар тауымыз. Əсіресе, тəлімді тəрбиенің тамыршысы – əкелердің ұрпақ тəрбиесіндегі рөлі алабөтен. Аналарымызға тіреу, балаларына қамқор болған əкелердің қайсарлығы мен еңбекқорлығын кейінгі жастарға насихаттап, жеткізу мақсатында қаламызда білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастамасымен Əкелер кеңесі құрылған болатын. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінде №16 орта мектептің қабырғасында «Менің отбасым – менің байлығым» тақырыбында қалалық ІІ Əкелер слеті өтті.

Отбасылық құндылықтардың беделі мен отбасындағы тəрбиенің əлеуетін арттыру мақсатында өткен слетке қалалық əкімдік жанындағы Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Қ.Махамбетова, комиссия хатшысы Г.Таңсықбаева, қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің əдіскері Г.Жакипова, қала мектептері Əкелер кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары қатысты.

Слеттің ашылуында сөз сөйлеген Қарлығаш Мəметқызы бүгінгі таңда қоғамдағы əкенің орны мен бала тəрбиесіндегі ықпалы əйелдер қауымынан басымырақ екенін тілге тиек етті.

2009 жылдан бері Сəтбаев қаласы əлем қалаларымен бірге «Балаға мейірімді қала» Халықаралық жобасын сəтті жүзеге асырып келеді. Жоба аясында Əкелер кеңесі жұмыс жасап келеді. Құрылғанына бір жылдан асқан кеңестің 50-ден аса мүшесі бар. Бұл слетте 2011-2012 оқу жылында мектепішілік жəне қалалық тəрбиелік мəні зор іс-шараларға белсене қатысқан 20 əке «Үлгілі əке», «Өнегелі əке», «Өнерлі əке», «Мейірімді əке» номинациялары бойынша марапатталды.

Одан кейін қалалық Əкелер кеңесінің төрағасы Бейімбет Бралин сөз алып, əкенің балаға берер тəлімі мен тəрбиесі төңірегінде толғамды ойларын ортаға салды.

Əкелерге құрмет көрсетілген жиынның мəн-маңызын оқушылардан құралған үгітнасихат тобының өнерлері, кішкентай балғындардың əке жайлы орындаған əндері аша түсті.

Слет соңында 27 сəуір мен 1 мамыр аралығында өткен «Əкеммен бірге құрастырамын» қолданбалы қол өнер туындыларының жеңімпаздарын марапаттау рəсімі өтті.

Қол өнер туындыларын ерекше бір ықыласпен жасаған №15 орта мектеп оқушысының əкесі В.Авдеенко мен Жезқазған кентіндегі №2 орта мектеп оқушысының əкесі М.Мағзұмов ІІІ орынды өзара бөлісті. ІІ орынды № 27 орта мектеп оқушысының əкесі Е.Білісов пен №4 Абай атындағы мектеп-лицей оқушысының əкесі С.Шынарбеков иеленсе, І орын осы мектеп-лицей оқушысының əкесі Е.Əбіштің қанжығасына байланды. Ал, бас жүлдені №25 орта мектеп оқушысының əкесі М.Прокофьев жеңіп алды.

Қазақта «əке көрген оқ жонар» деген аталы сөз бар. Кейінгі жастар əкенің ізін жалғап, өнегесін өрістетіп, берген тəлімін өмірлік азық етсе, əкелер арманының орындалғаны.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.