Дауды шешудің ең тиімді тәсілі

Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес, сотта азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер және басқа құқықтық қатынастардан туындайтын даулар қаралады. Тараптар отбасы мүшелері, туыстар, көршілер, достар болуы мүмкін. Дау сотта қаралған жағдайда, сот екі жақтың талабын бірдей қанағаттандыра алмайды. Іс бірнеше сот отырысында қаралуы мүмкін. Соттың шешіміне шағым келтірілсе, іс апелляциялық, кассациялық сатыларда қаралады. Сотқа жүгіну үшін мемлекеттік баж салығы төленеді. Сондықтан, тараптар дауды бейбіт жолмен шешіп, татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімін жасап, дауды өзара реттей алады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 174-бабында көрсетілгендей, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі.Татуласу келісімі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы және заңға қайшы келмеуі қажет. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдап, медиация туралы шарт жасай алады. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі. Тараптар татуласу, медиация тәртібімен реттеу туралы немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін жасаса және оны сот бекітсе мемлекеттік баж қайтарылады.

Ф.АБДУКАДЫРОВА,
қалалық сот судьясы.

Комментарии закрыты.