Сот жүйесіне қолжетімділікті нығайту

Сот кабинеті – бұл сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе болып саналатын, сот ісін жүргізуді жеңілдету және сот жүйесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған электрондық ақпараттық сервис.

2014 жылдың маусым айынан бастап, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Сот кабинеті» атты жаңа электронды сервисі іске қосылды. Осы арқылы 2020 жылдың 1 тоқсанында қалалық сотта 960 кіріс құжат тіркеліп, оның ішінде азаматтық іс бойынша 363 талап арыз, 258 әкімшілік іс тіркелді.

Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі бойынша келіп түскен талап қою арыздары, басқа да құжаттар электронды түрде тіркеледі. Тіркелген арыздарға тіркеу талоны беріледі. Процеске қатысушы азаматтың ұялы телефон нөміріне немесе электрондық поштасына электронды хабарламалар мен шақыртулар жолданады. Хабарламаларда істің нөмірі, логині және паролі көрсетіледі. Тараптар логин мен парольді пайдалана отырып, іс бойынша www.sud.kz сайтынан «Сот құжаттарымен танысу» модулінде іске қатысты барлық мәліметтермен таныса алады. Ал, «Сот кабинеті» сервисінің көмегімен электрондық түрде талап арыз, сот актілері, сот мәжіліс хаттамасымен танысу, сот отырысының аудио-бейнежазбасын ұсыну туралы өтінішхатпен және басқа электрондық үндеулер бере аласыз. Бұдан басқа, аталған сервис арқылы үйден шықпай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуге, сотқа шақыру туралы хабарламаларды алуға, сот істерін іздеуге, сот отырысының хаттамасына ескертпелер жіберуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, сот отырысының қатысушылары онлайн режимінде азаматтық сот істерін, олардың реквизиттері бойынша іздей алады. Әртүрлі іс-жүргізу сұрақтары бойынша шығарылған құжаттарды шығарып алуға болады. Алайда, электрондық іс жүргізуге қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңба болу қажет. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе Жоғарғы Соттың сайтында тапсырыс беретін сілтеме арқылы алуға болады. Сот жүйесіне қазіргі заманғы технологияларды енгізу сот ісін жүргізуді оңтайландырады, бюрократиялық кедергілерді жояды. Ал, бұл азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге септігін тигізеді. Сот жүйесінің тұрғындар үшін барынша айқын және қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

А.ӘБДІБЕКОВА,
қалалық сот судьясы.

Комментарии закрыты.